АСТАНА, 2 қараша – Sputnik. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев республикадағы барлық мектепті бір ауысымды оқытуға көшіру мәселесі қашан қолға алынуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер Қазақстан мектептері тек бір ауысымда болуы үшін әлі қанша мектеп керек екенін сұрады.
Министр үш ауысымдық мектептердің мәселесін шешу үшін мемлекет көптеген шараны қолға алып жатқанын атап өтті. Соңғы бес жылдың ішінде оқушылар саны 1 миллионға артқан. Ал бұл қосымша мектептер салуды қажет етеді.
"Бұл бағытта 2020 жылдан бастап 2022 жылға дейін 350 мың орындық 600-ден астам мектеп салынған болатын. Бұдан бөлек 154 мектеп биыл пайдалануға беріледі. Келесі жылдары 2026 жылға дейін "Жайлы мектеп" жобасы аясында 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектеп беріледі. Осылайша біз 2026 жылға дейін үш ауысымдық мектептер мәселесі толығымен шешімін табады деп есептейміз", - деді Бейсембаев.
Айтуынша, тек осыдан кейін ғана бір ауысымды мектептерге көшуді жоспарлауға болады.
"Үш ауысымдық және апатты мектептердің мәселесін шешкеннен кейін, келесі кезең – осы мәселені де қолға алуға болады деп ойлаймын", - дейді министр.