АЛМАТЫ, 2 қараша – Sputnik. 2028-2029 жылдары Орталық Азияда 5-12 текше километр су тапшылығы болады. Осы кезеңде аймақта электр энергиясына сұраныс айтарлықтай артады деп болжанып отыр.
Бұл туралы Бүкіләлемдік гидроэнергетика конгресінде Еуразия даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов мәлімдеді, деп хабарлады ЕАДБ баспасөз қызметі.
Хабарламада жаңа су электр станцияларының құрылысы мен қолданыстағысын жаңғырту климаттың өзгеру салдарын жеңілдетіп, экономикалық және әлеуметтік дамуға жол ашатыны аталып өткен.
ЕАДБ бағалауы бойынша Орталық Азияда гидро энергетикалық потенциалдың 25%-дан аз бөлігі игерілген. Аймақта жалпы қуаты шамамен 14 000 МВт болатын 80-нен астам су электр станциясы бар. 2035 жылға дейін ескісін жаңғырту және жаңасын салу есебінен су электр станцияларының қуатын 8900 МВт-қа арттыру жоспарланып отыр.
Ең ірі жаңа жобаларға Қырғызстандағы Қамбарата (1860 МВт) және Тәжікстандағы Рогун (3600 МВт) су электр станцияларының құрылысы жатады.
ЕАДБ алдағы үш жылда Орталық Азияның су-энергетикалық кешенін дамытуға 400 миллион доллардан астам инвестиция салады.
Бұған дейін Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрлігі елдегі су шаруашылығы нысандарының жағдайы туралы ақпаратты жинақтайтын ахуалдық орталық құруды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.