АСТАНА, 2 қараша – Sputnik. Келесі жылы елімізде алғаш рет биологиядан халықаралық олимпиада өтеді. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Сіздермен бөлісетін жақсы жаңалығымыз бар. Елімізде тұңғыш рет әлемдік ең беделді 7 олимпиаданың қатарына кіретін биологиядан халықаралық олимпиада (IBO) өтеді. Елордаға келіп жатқан Халықаралық олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің төрағасымен бүгін кездесу өткізуді жоспарлап отырмын", - деді Бейсембаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Олимпиада 2024 жылы Астана қаласында өтеді.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын азайту үшін биыл алғаш рет ауыл мектептері оқушылары арасында Республикалық олимпиада өткізу жоспарланып отыр.
Бейсембаев оқушылардың әлеуетін дамыту үшін былтыр заңнамалық деңгейде Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған мұғалімдерге материалдық сыйақы төлеу нормасы енгізілгенін атап өтті.
Алтын медаль үшін 1500 АЕК, күміс медаль иегерлеріне 1000 АЕК, "қола" алғандарға 500 АЕК төленеді.