АСТАНА, 2 қараша - Sputnik. Астанадағы көшелердің біріне мажар ақынының аты беріледі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мемлекет басшысы Ақордада Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанмен кездесті. Ал келіссөзден кейін Астанадағы көшелердің біріне мажар ақынының аты берілетінін айтты.
“Гуманитарлық байланыстарымызға келетін болсақ, Астанамызда көшелердің бірін Мажарстанның ұлттық ақыны Шандор Петёфидің құрметіне ақынның есімімен атаймыз”, - деді Тоқаев.
Айта кетері, бұған дейін Орбан Қазақстанға ресми сапармен үш рет келген. Соңғы рет 2019 жылы оны Тоқаев ресми түрде қарсы алды. Одан кейін екеуі 2021 жылы Ыстанбұлда, ал 2022 жылы Самарқанд қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті аясында кездескен. Ертең, 3 қараша күні Астанада осы ұйымның мерейтойлық саммиті өтеді. Виктор Орбар оған да қатысады. Мажарстан ұйымға бақылаушы ретінде кірген.