АСТАНА, 2 қараша— Sputnik. Мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарын сақтау мақсатында бас прокуратураның басшылығымен барлық елордалық мектепті тексеру басталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев хабарлағандай, тексеру қараша айының соңына дейін аяқталады.
"Әр түрлі ведомстволардың 70-тен астам қызметкері жұмылдырылды. 98 мемлекеттік мектеп, 56 жеке меншік, 3 Назарбаев зияткерлік мектебі, 4 республикалық, 3 түзету және 5 BINOM мектептері тексеріледі", - деді ол.
Сұлтанбаев кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық фактілеріне бей-жай қарамауға шақырды.
"Полицияға 102 немесе 111 нөмірлері бойынша хабарласу керек. Көрсетілген телефондар арқылы тәулік бойы ақпараттық, консультациялық, психологиялық көмек пен қолдау алуға болады. Біз отбасы мен балалардың қорғаушысы болуымыз керек, – деді Сұлтанбаев.