АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. Қараша айынан бастап қазақстандықтардың өмірінде біраз өзгеріс болады. 17 облыста халық 45 әкімді сайлайды. Электр энергияның шекті тарифтері көтеріледі. Бұдан бөлек, көрші Қытаймен визасыз режим басталады. Sputnik Қазақстан 1 қарашада болатын негізгі өзгерістерді ұсынады.
Қала мен аудан әкімдері сайланады
Бұған дейін қазақстандықтар ауыл әкімдерін сайлаған. Енді президенттің тапсырмасы бойынша алғаш рет облыстық маңызы бар қала мен аудан әкімдерінің сайлауы өтеді. Оны алдымен пилоттық режимде ұйымдастырып көреді. Одан кейін барлық республикаға таратады.
Осы жолы 3 облыстық маңызы бар қала мен 42 аудан әкімін сайлайды. Олар:
Курчатов қаласы (Абай облысы);
Ақкөл, Астрахан, Есіл, Жақсы, мен Шортанды аудандары (Ақмола облысы);
Ырғыз, Қобда мен Ойыл аудандары (Ақтөбе облысы);
Балқаш пен Жамбыл аудандары (Алматы облысы);
Исатай мен Қызылқоға аудандары (Атырау облысы);
Алтай мен Глубокое аудандары (ШҚО);
Жуалы мен Тұрар Рысқұлов аудандары (Жамбыл облысы);
Кербұлақ пен Сарқан аудандары (Жетісу облысы);
Бөкей ордасы, Қаратөбе мен Тасқала аудандары (БҚО);
Приозерск қаласы, Ақтоғай мен Осакаровка аудандары (Қарағанды облысы);
Рудный қаласы, Алтынсарин, Денисов, Қарабалық пен Федоров аудандары (Қостанай облысы);
Сырдария мен Шиелі аудандары (Қызылорда облысы);
Бейнеу ауданы (Маңғыстау облысы);
Ақтоғай, Железин мен Шарбақты аудандары (Павлодар облысы);
Есіл, Мамлют пен Тимирязев аудандары (СҚО);
Бәйдібек, Мақтарал, Созақ пен Шардара аудандары (Түркістан облысы);
Ұлытау ауданы (Ұлытау облысы);
4 қарашаға дейін үгіт-насихат жүргізілсе, 5 қарашада сайлау өтеді. Ал қорытындысы бір аптаның ішінде 11 қазаннан кешіктірілмей жарияланады.
Визасыз режим
10 қарашадан бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енеді. Оған сәйкес, Қазақстан азаматтары Қытайда шекарадан өткен сәттен бастап 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз жүре алады. Одан кейін елден шығып, қайта кіруге болады. Бірақ алты ай ішінде визасыз жүру уақыты 90 тәуліктен аспауы тиіс.
Сол сияқты Қытай азаматтары да Қазақстанға визасыз кіріп, бір ай бойы жүре алады. Бұл келісім биыл 17 мамырда Сиань қаласында рәсімделген болатын.
Жүк тасымалдаушылар онлайн кезекке тұрады
1 қарашада Қазақстан мен Ресейдің шекарасында, атап айтқанда, "Бидайық" көлік өткізу бекетінде электронды кезек жүйесі пилоттық режимде іске қосылады. Осылайша, дәл осы бекет арқылы Ресейге шығатын жүк тасымалдаушылары CarGoRuqsat қосымшасында тіркеліп, электронды кезекке тұру тиіс. Сосын шекараға уақытында келу керек.
Бүгінде электронды кезекті брондау қызметі Қытай, Өзбекстан мен Түрікменстан шекарасында бар.
Электр энергиясының шекті тарифі көтеріледі
1 қарашадан бастап Қазақстанда электр энергияның шекті тарифтері көтеріледі. Мәселен, Алматы қаласы мен Алматы облысында бөлшек саудада 1 кВт/сағаттың бағасы 25,57 теңгеге дейін артады.
Жеке тұлғалар мен тұтынушылар үшін электр энергиясын тұтыну көлеміне қарай сараланған тариф:
1-деңгейдегі тариф – 1 кВтсағ. үшін ҚҚС-сыз 21,00 теңге (1 кВтсағ. үшін ҚҚС-пен 23,52 теңге);
2-деңгейдегі тариф – 1 кВтсағ. үшін ҚҚС-сыз 27,76 теңге (1 кВтсағ. үшін ҚҚС-пен 31,09 теңге);
3-деңгейдегі тариф – 1 кВтсағ. үшін ҚҚС-сыз 34,70 теңге (1 кВтсағ. үшін ҚҚС-пен 38,86 теңге).
Алматыда үй жануарларына чип салынады
Алматы қаласының тұрғындары бірыңғай базада үй жануарларын тіркей алады. Тегін чип салу қызметі де қарастырылған. Бұл шаралар 1 қараша мен 20 желтоқсан аралығында атқарылады.
Бағдарлама аясында 15 мың үй жануарын чиптеу және тіркеу жоспарланған. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының ресми сайтында ветеринариялық клиникалардың мекенжайы мен телефоны бар.
KEGOC акцияларын сату тоқтатылады
2 қараша KEGOC акцияларын саудаға шығару мерзімі аяқталады. Сауда-саттықтың екінші кезеңі 16 қазанда басталған болатын.
Компанияның 15 294 118 жай акциялары сатылады. Әрбіреуінің бағасы – 1482 теңге. Бірақ брокерлік-дилерлік ұйымдар арқылы ұсынылатын акциялардың бағасы одан жоғары, 1950 теңгеге дейін жетеді.
Өтінімдер брокерлер арқылы, я болмаса, Tabys мен банк қосымшалары, сондай-ақ, "Казпошта" АҚ-сы бөлімшелері арқылы беруге болады.
Мәскеу-Шымкент рейсі қайта ұшады
3 қарашадан бастап ресейлік "Аэрофлот" компаниясы "Мәскеу-Шымкент" бағытындағы рейсті қалпына келтіреді.
Airbus A320 ұшақтары аптасына бір рет ұшады. SU1950 рейсі Мәскеуден жұма күні ұшса, SU1951 Шымкенттен әрбір сенбі күні шығатын болады.
Қара металды шығаруға шектеу ұзартылады
7 қарашада Қазақстаннан қара және түсті металлдардың қалдықтарын шығаруға тағы тыйым салынады. Осылайша, бұған дейінгі шектеу жарты жылға ұзартылып отыр.
Осы шараның негізгі мақсаты – отандық кәсіпорындардың жүктемесін арттыру және заңсыз металл айналымына қарсы күрес. Бұған дейінгі шектеу 3 мамырда енгізілген болатын.
Атырау мұнай зауыты толығымен іске қосылады
Қазан айының басында Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуге жабылған болатын. Жөндеу жұмыстарын 3 қарашаға дейін аяқтау жоспары болған. Алайда 23 қазанда технологиялық қондырғылардың бірінші кезеңі іске қосылды. Қазіргі кезде бір тәулікте 9 500 тонна мұнай өңделеді.
Жоспарға сәйкес, қарашада алғашқы он күннің ішінде Атырау мұнай өңдеу зауыты толығымен іске қосылады.
Заңды тұлғаның атауын түзетуге болады
Әділет министрлігі заңды тұлғаның атауын түзету бойынша мемлекеттік қызмет ережесін бекітті. Оған сәйкес, қате кетіп қалса, оны "Заңды тұлғалар" мемлекеттік мәліметтер базасында түзете салуға болады.
Әуежайлардың VIP-залына кіретіндер тізімі кеңейтілді
Қазақстанда әуежайлардың VIP-залында қызмет көрсетуге жататын тұлғалардың тізімі кеңейтілді. Оған тағы бірқатар мемлекеттік қызметшілер еніп отыр. Олар:
Қазақстан сот әкімшілігінің жетекшісі;
Қазақстан сот әкімшілігі жетекшісінің орынбасарлары;
Конституциялық сот судьялары, Жоғарғы сот судьялары мен сот алқалаларының төрағалары;
Парламент палаталары, Конституциялық сот аппараттарының жетекшілері;
Жеке құрылыс үшін жер телімін беру
Жеке құрылыс үшін жер телімдерін беру ережелері жаңартылды. Бұдан былай жер учаскесінде су және электр желілер болуы қажет. Ал орталық су құбыры болмаса, міндетті түрде электр желілер тартылуы шарт.
Жер кезегін жергілікті әкімдіктер жүргізіп отырады. Бұл база жылжымайтын мүлік бойынша бірыңғай мемлекеттік кадастрмен интеграцияланған.