Қарағанды шахтасындағы апат: мәжіліс депутаттары мәлімдеме жасады

Депутаттардың ақпаратынша, соңғы төрт жылда "АрселорМиттал Теміртау" жылына 200 млрд теңгеден астам табыс тауып отырған, оның басым бөлігін шетелге шығарған
Sputnik
АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. Мәжіліс депутаттары Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада болған апатқа байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Костенко" шахтасындағы қайғылы оқиға бүкіл Қазақстан халқын дүр сілкіндірді. Біз Қазақстан парламенті мәжілісінің атынан әрбір отбасына шын жүректен қайғырып көңіл айтамыз", - деп бастады депутаттық сауалды мәжілісмен Арман Қалықов.
Оның айтуынша, соңғы төрт жылдағы ресми мәліметтер бойынша "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жылына 200 миллиард теңгеден астам табыс тауып отырған, оның басым бөлігін шетелге шығарған.
"Жасалған ескертулерге, өнеркәсіптік қауіпсіздікке инвестиция салу, көмір өндіруді кеңейту, барлық өндірісті жаңғырту туралы келіссөздер жүргізуге әрекет жасалғанына қарамастан, компания еш келісімге келмеген. Салдарынан осы жылдың өзінде екі апат болды, компанияның елде жұмыс істеген бүкіл кезеңінде жүздеген қазақстандық қаза тапты. Мыңдаған адам денсаулығынан айрылып, мүгедек болып қалды", - деп ашынды депутат.
Қалықов президенттің "АрселорМитталмен" инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырмасын "бірден-бір дұрыс шешім" деп атады.
"Біз адамдардың қандай күй кешіп жатқанын біліп отырмыз. Өкінішке қарай, егер шетелдік инвестор кетсе, онда барлық өндіріс тоқтайды деген 90-шы жылдары болған қорқыныш бізде әлі де бар. Мүлдем олай емес. Біз кәсіпорынның жеткілікті ақша таба алатынын көріп отырмыз. Көмір өнеркәсібінде 30 жылдық тәжірибесі бар қызметкер ретінде қарағандылықтарды сабырға шақырамын", - деді мәжілісмен.
Депутаттар осы кәсіпорынды өз бетінше дамыту үшін елімізде кәсіби кадрлар жеткілікті деп санайды.
"Қарағанды көмір бассейні мен болат балқыту комбинаты стратегиялық объектілер екенін түсінеміз. Он мыңдаған адамымыздың тағдыры солармен байланысты. Қарағанды, Теміртау, Шахтинск және Рудный қалаларын ешкім тастап кетпейді", - деп сендірді Қалықов.

Шахтадағы апаттан кейін не өзгереді

Айтуынша, алдағы уақытта әрбір жұмысшының өнеркәсіптік қауіпсіздігі мен еңбегін қорғауға ерекше назар аударылады. Ол үшін депутаттар әрбір жұмысшының еңбегін қорғау жөніндегі заңға маңызды түзетулер әзірлеп, үкіметке жіберген.
Заң жобасында өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекциясы және еңбек инспекциясы тұрғысынан мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылады.
"Өздеріңіз білетіндей, қазақстандықтардың қауіпсіздігі, олардың еңбек құқықтарын қорғау артта қалып отыр. Бүгінде елімізде өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі 260 мемлекеттік инспектор ғана бар. Бұл жеткіліксіз екені айдан анық. Үкімет өндірістегі жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бақылау функцияларын күшейту туралы ойлануы керек", - деді мәжілісмен.
Бұдан бөлек халық қалаулылары елдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды тексеруге мораторийді алып тастайтын кез келді деп санайды.
Сонымен қатар қауіпті және зиянды өндірісте жұмыс істейтін барлық адам үшін зейнетке шығу жасын төмендету бойынша жұмыс жалғасады.
Бұдан басқа, депутаттар Кәсіби аурулар және еңбек гигиенасы институтына ерекше мәртебе беру қажет деп есептейді.
"Сөзімді аяқтай отырып, мен қаза тапқан барлық отандасымыз біздің есімізде мәңгі сақталады дегім келеді. Президенттің тапсырмасымен әр отбасы мен олардың балалары барлық қажетті көмекті қажетінше алады", - деп мәлімдеді Қалықов.
28 қазанға қараған түні Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада метан жарылып, салдарынан 46 кенші көз жұмды. Апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Премьер-министрдің төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды.