АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. Бүгін, 1 қарашада Франция президенті Эмманюэль Макрон Астанаға ресми сапармен келеді. Шетелдік қонақты елімізге Қасым-Жомарт Тоқаев шақырды.
Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды деп жоспарланып отыр.
Дипломатиялық қарым-қатынас
Қазақстан мен Француз Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 25 қаңтарда орнатылды.
Сол жылы наурыз айында Францияның Қазақстандағы елшілігі ашылды. Ал араға бір жыл салып, 1993 жылы шілдеде Қазақстанның Франциядағы елшілігі жұмысын бастады.
Айта кетері, Франция Еуропа мемлекеттері арасында Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған.
Макрон Қазақстанға не үшін келе жатыр
Тәуелсіздік жылдарында француз басшылары қазақ еліне үш рет ат басын тіреді. Алғаш рет 1993 жылы Францияның 21-ші президенті Франсуа Миттеран, 2009 жылы 23-ші президенті Николя Саркози және 2014 жылы 24-ші президенті Франсуа Олланд Қазақстанда қонақ болды. Енді, міне араға он жыл салып француз елінің 25-ші басшысы Эмманюэль Макрон Астанаға келе жатыр.
Айта кетері, былтыр көктемде Францияда президент сайлауы өтіп, Макрон екінші рет бес жыл мерзімге сайланды.
Саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, Франция президенті сияқты жоғары лауазымды тұлғалар елімізге жайдан жай келмейді. Ең алдымен, мемлекет басшылары энергетика тақырыбын қозғайды.
"Ядролық тақырып басты назарда болады. Бірақ бұл атом электр стансасына ғана қатысты емес. Атом энергетикасы саласында Франция да жетекші ел саналады, алайда соңғы уақытта ол өз позициясын жоғалтып алды. Өйткені күн тәртібіне экология мәселесі шыққандықтан, атом өнеркәсібінен алыстай бастады. Қазір бұл жағынан олар артта қалып отыр. Француздар экологтардың ықпалына түсті. Бірақ, менің ойымша, Франция бәрібір де осы мәселені талқылайды", - деп санайды сарапшы.
Оның айтуынша, уран тасымалы да Франция үшін өте маңызды. Олар уранды Нигер мемлекетінен тасымалдайтын. Алайда биыл Нигер билігі Франциямен ынтымақтастықты тоқтатып, оларды шикізатсыз қалдырды.
"Уран – атом станцияларының отыны. Шикізат жеткізу Францияда өткір мәселеге айналды. Себебі электр энергиясының бағасы онсызда өсті, егер тағы қымбаттаса, бұл экономикаға үлкен соққы болады", - дейді Бейсебаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Сондай-ақ, оның пікірінше, қазақстандық мұнай экспортын ұлғайту мәселесі де назардан тыс қалмайды. Бұған бөлек келіссөздер барысында Франция сауда-экономикалық байланыстың жолдарын табуға тырысады.
"Қазақстан Франция мен Ресей арасына дәнекер болып, жағдайды реттеуге көмектесе алады. Қазақстанның, жалпы Орталық Азияның әлемдік экономикадағы рөлі артып келеді", - дейді Бейсебаев.
Былтыр күзде мемлекет басшысы Парижге ресми сапар жасаған еді. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев Макронды елімізге шақырды. Саясаттанушы Айдар Әмребаевтың ойынша, француз басшысының осы жолғы сапары, ең алдымен, осы шақыруға жауап ретінде сыпайылық сапары.
"Жалпы екі ел де ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Себебі Қазақстан – Франциямен стратегиялық әріптестік орнатқан Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Францияны не қызықтырады? Мемлекетіміз шикізатқа бай болғандықтан, еуропалық серіктестер ең алдымен біздің мұнай-газ ресурсымызды, осылармен байланысты басқа да салаларды игеруге қызығушылық танытады", - дейді Әмребаев.
Сондай-ақ, сарапшының ойынша, Макронның сапары Еуропада жүзеге асырыла бастаған Global Gateway жобасымен де байланысты.
"Еуропа одағы осы жобаға 300 миллиард доллар бөліп отыр. Соның ішінде Қазақстаннан Еуропа одағына таза сутек жеткізумен байланысты нақты ынтымақтастық жобасы бар. Меніңше, екіжақты келіссөздердің бағыттарының бірі осы жобаларды жүзеге асыруға қатысты болуы мүмкін",- деп болжады саясаттанушы.
"Қазақстанмен жұмыс істеген ыңғайлы"
Франция президенті Эмманюэль Макроннан кейін Астанаға Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан ресми сапар жасайды. Сонымен қатар осы аптада елордада Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтеді. Оған Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан мен Өзбекстан басшылары келеді деп жоспарлануда.
Айдар Әмребаев шетелдік лидерлердің Қазақстанға жиі келуі Еуропалық одақ елдерінің Қазақстанмен қарым-қатынасының объективті жай-күйін көрсетеді деп отыр.
"Қазір әлем трансформацияның әжептәуір күрделі кезеңін бастан кешіріп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан әлемдік саясатқа айтарлықтай белсенді араласа бастады. Еуропа одағы Қазақстанды тек Орталық Азиядағы ғана емес, посткеңестік кеңістіктегі негізгі мемлекет ретінде қарастырады. Жалпы біз Батыспен де, Шығыспен де жақсымыз. Бүгінде Ресеймен де, Қытаймен де, Батыс елдерімен де қарым-қатынасы жақсы елдер саны өте аз. Қазақстан ынтымақтаса жұмыс істеуге ыңғайлы және жайлы мемлекеттер қатарына кіреді", - деп пікір білдірді Әмребаев.
Әблязовті қайтару мәселесі күн тәртібіне ене ме
Сарапшы Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, егер Қазақстан Францияға Мұхтар Әблязовті экстрадициялау туралы шарт қойса, француздар оған келіседі.
"Егер Қазақстан Францияға тиімді және пайдалы жоба ұсынса, олар келіседі. Бүтін бір елдің мүддесі әрқашан бір адамның тағдырынан жоғары тұрады. Оның үстіне егер ол адам Франция азаматы болмаса. Қазір Францияда көші-қон мәселесі өте өткір тұрғанын ескеру керек. Иммиграция өте үлкен проблемаға айналып отыр. Сондықтан олар басқа елдің азаматы үшін мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсірмейді", - деп санайды сарапшы.
Естеріңізге сала кетейік, Мұхтар Әблязов он жылдай Франция астанасы Париж қаласында тұрады. Бұған дейін Қазақстанның бас прокуратурасы қашқын банкирді елге экстрадициялау жұмысын тоқтатпайтынын мәлімдеген еді.
Қазақстан мен Франция сауда айналымы
Қазақстан – Францияның Орталық Азиядағы басты экономикалық әріптесі, ал Франция Қазақстан экономикасының жетекші инвесторларының бірі.
Сауда және интеграция министрлігінің ақпаратынша, 2023 жылғы қаңтар-тамыз айында екі ел арасындағы сауда айналымы 2,7 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,1%-ке көп.
Францияға экспорт көлемі 2,9%-ке артып, 1,8 млрд долларға жеткен. Қазақстан Еуропа еліне, негізінен, шикі мұнай, уран, титан және сутек экспорттайды.
Ал Франциядан Қазақстанға импорт сегіз айда 91,2%-ке өсіп, 889,7 млн доллар болған. Еліміз Франциядан ұшу аппараттарын, дәрі-дәрмек, вакцина, әтір және тағы басқа тауарларды сатып алады.
Екі елдің алыс-берісі жайлы толығырақ Sputnik инфографикасында.
Қазақстан мен Франция арасындағы сауда айналымы
© Sputnik
Бұған қоса, Франция 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына жалпы көлемі 17 млрд доллар инвестиция құйып, ең ірі бес инвестор елдің қатарына кірді. Елімізде 170-тен астам франциялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында экономикамыздың жетекші инвесторлары саналатын Total Energies, Air Liquide, Airbus, Alstom, Orano және Danone секілді компаниялар бар.