Келесі жылы индекстелген зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге 5,4 трлн теңге бөлінеді

Жамаубаев республикалық бюджеттің басым бөлігі мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді толыққанды орындауға, өңірлерді дамытуға бағытталғанын атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасында келесі жылы индекстелген зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге 5,4 трлн теңге көзделген. Бұл туралы вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, бюджеттің 2024 жылға арналған шығыстары биылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңгені құрап отыр. Бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге 2,6% деңгейінде болжанады. Ол 2026 жылға қарай біртіндеп 2,3%-ке дейін төмендейді.
Министр республикалық бюджеттің басым бөлігі мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді толыққанды орындауға, өңірлерді дамытуға бағытталғанын атап өтті.
"Біріншіден, индекстелген зейнетақы мен жәрдемақыны төлеуге 5,4 трлн теңге көзделген. Отбасыларды қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Осы мақсатқа келесі жылға 93,3 млрд теңге көзделген. Президенттің тапсырмасымен 2028 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы 61 жас деңгейінде сақталды. Бұл 150 мыңнан астам адамды қамтиды және 3 жылға қосымша 473 млрд теңгені қажет етеді", - деді Жамаубаев мәжіліс отырысында.
Сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, оның ішінде "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыруға, 2,4 трлн теңге бағытталады.
Министрдің айтуынша, ұлттық жобаға сәйкес, 655 денсаулық сақтау объектісін салу және 32 ауданаралық аурухананы жаңғырту жоспарлануда. Бұл 4 миллионнан астам ауыл тұрғынын мамандандырылған медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік береді.
Бұған қоса білім беру саласын дамытуға, оның ішінде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыруға 1,7 трлн теңге қарастырылған. Жоба аясында 369 мектеп салу жоспарланып отыр. Балабақша педагогтарының еңбекақысын 30%-ке көтеруге 96 млрд теңге көзделген.