ЕАЭО елдерінде интеграцияланған желідегі ақпарат қалай қорғалады

Қазіргі уақытта ЕАЭО-ның интеграцияланған деректерді жолдау жүйесіне Армения, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан қосылды
Sputnik
АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей мемлекеттік органдарының мамандарына Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінде деректерді жолдау желісін қорғау ерекшеліктері түсіндірілді, деп хабарлайды ЕЭК.
Семинар ЕЭК кеңесінің 2022 жылдың 18 ақпанындағы "Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің деректерін жолдаудың қауіпсіз желісін құру туралы" бұйрығын іске асыру шеңберінде өтті.
Комиссия одақ елдерімен бірлесе отырып, қазір бұл жұмысты аяқтап жатыр, деп атап өтті ЕЭК.
"Барлық қатысушыны ЕАЭО-ның ақпараттық жүйесінің қауіпсіз желісіне қосу одақ мемлекеттері мен ЕЭК арасындағы трансшекаралық өзара іс-қимыл шеңберінде ақпарат алмасу бойынша қауіпсіздіктің келісілген деңгейін қамтамасыз етеді", - деді комиссия өкілі Александр Алексанян.
Оның айтуынша, комиссия одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық сегменттерін қауіпсіз деректерді жолдау желісіне қосу мүмкіндігін қамтамасыз ету бойынша ұйымдастыру-техникалық жұмыстарды жүргізді.
Мысалы, ЕАЭО-да қауіпсіз деректерді беру желісін басқару орталығы құрылды.
"Одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен бірлесе отырып, ЕАЭО интеграцияланған жүйесінің ұлттық сегменттерінің ақауларға төзімді қосылуын ұйымдастыру үшін қажетті мөлшерде криптошлюздерді орнату және баптау жүргізілді", - деп түсіндірді комиссия.
Армения, Беларусь, Қырғызстан және Қазақстанның ұлттық сегменттері қазір қауіпсіз деректер желісіне қосылды. Комиссиядағылар Ресейдің ұлттық сегменті желіге қосылғаннан кейін жүйе қауіпсіз арналарға ауыстырылатынын хабарлады. Сонымен қатар ЕЭК Одақ аумағындағы тауарларды қадағалау бойынша пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр.