Қазақстан арқылы жүк тасымалдау уақыты 12 күннен 5 күнге дейін қысқарады

Соңғы 10 жылда еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымына шамамен $30 млрд инвестиция құйылды
Sputnik
АСТАНА, 31 қазан – Sputnik. "Тар орындарды" жою бойынша қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жыл соңына қарай Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік жүктерді тасымалдау уақыты 12 күннен 5 күнге дейін қысқарады, деп мәлімдеді көлік министрі Марат Қарабаев ірі көлік-логистикалық компаниялар өкілдерімен онлайн-кездесуде.
Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша инвестициялар тарту және ынтымақтастық мәселелеріне арналған жиынға 100-ден астам шетелдік кәсіпорын қатысты.
Қарабаев соңғы 10 жылда еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымына шамамен $30 млрд инвестиция құйылып, нәтижесінде 2,5 мың жаңа темір жол, 13 мың км автожол салынғанын, сонымен бірге 21 млн тоннаға Ақтау және Құрық теңіз порттарының қуаты кеңейтілгенін, ұшу-қону жолағы және 22 әуежайдағы терминалдар қайта жаңартылғанын атап өтті.
2022 жылдың қорытындысы бойынша салынған әрбір доллар $4,8 әкелген, ал салада жұмыспен қамтылған 1 адамға шаққандағы еңбек өнімділігі $21 230 құрады.
Көлік министрлігі басшысының мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда Еуразия құрлығының негізгі сауда маршруттарымен байланысты 16 мың км теміржол және 95,5 мың шақырым автомобиль жолы бар.
"Қазақстан арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді, оның ішінде 5 теміржол және 8 автомобиль жолы. 2022 жылы республика аумағы арқылы транзиттің жалпы көлемі 23,2 млн тоннаға жетті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Ең үлкен өсім мултимодальды Транскаспий халықаралық көлік маршрутында байқалады. "Тар орындарды" жою бойынша қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жыл соңына қарай жүктердің орта дәліз бойынша өту уақыты 3 есеге – 38-53 күннен 14-18 күнге дейін, оның ішінде Қазақстан аумағы бойынша – 12 күннен 5 күнге дейін қысқарады", - деді Марат Қарабаев.
Сондай-ақ ол транзиттік әлеуетті дамыту үшін жақын арада 1,3 мың шақырым теміржолдың, ҚХР шекарасындағы үшінші теміржол өткелі мен жаңа құрғақ порттың, Ақтау портындағы "контейнерлік хабтың", "Саржа" көпфункционалды терминалының, Каспийдегі сауда флотының ұлғаюы бойынша және басқа да құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын әрі жоспарланғанын айтты.