Бидай бағасы төмендей бастады

Қазір 3-класты бидайдың тоннасы 120 мың теңгеге бағаланып отыр
Sputnik
АСТАНА, 31 қазан – Sputnik. Жоғары сапалы бидайдың бағасы жылдам өсуден кейін төмендей бастады. Бұл туралы APK Новости агенттігіне нарық қатысушылары хабарлады. Оған сұраныстың әлсіздігі мен арзанырақ ресейлік астықтың нарыққа келуі себеп болған.

"3-класты бидайдың бағасы төмендеді. Бірінші себеп –Орталық Азия мен Ауғанстанның экспорттық нарықтарындағы арзан ресейлік ұнмен жоғары бәсекелестікке байланысты сұраныстың әлсіздігі, астық пен ұнның төмен экспорты. Екінші себеп –Қазақстанның ішкі нарығына арзанырақ ресейлік бидайдың шығуы. 3-класты бидайдың қазіргі бағасындағы айырмашылық – ҚҚС-ты қоса алғанда тоннасына 18-20 мың теңге", - деді Қазақстан астық одағының ресми өкілі Евгений Карабанов.
Баға айтарлықтай төмендеді. Ұн тартушылардың айтуынша, қазір 3-класты бидайдың тоннасы 120 мың теңгеге бағаланып отыр.

"Баға алыпсатарлар қолдан жасаған дүрбелеңнен кейін төмендеп жатыр, өйткені кейбіреулер оған 160, тіпті 170 сұрап үлгерді. 200 мың теңгені күткендер де болды. Сол жасанды биіктен түсіп жатыр. Әйтпесе бидай бағасы арзандап жатқан жоқ. Қазір ол тоқтады", – дейді шығысқазақстандық "Илмаз Премиум" компаниясының басшысы.
Оның айтуынша, алдағы уақытта баға өседі деген болжам жасалып отырған жоқ.

"Енді баға қымбаттамайды. Ұн бағасы түсіп жатыр. Ұнды 15 теңгеге арзандаттық, бірінші сорт 170-175 теңгеден сатылуда. Кейбір кәсіпорындарды қоспағанда, Ресейден астық әкелініп жатқан жоқ. Ұн Ресей Федерациясынан көп келіп жатыр, баға төмендей бастады", - деп атап өтті нарыққа қатысушы.
Трейдерлер баға айтарлықтай төмендеп жатқанын, бірақ нарық әлі де тұрақсыз екенін атап өтті. Атап айтқанда, тасымалдау проблемалары мен тасымалдау бағасының жоғарылығы рөл атқарады.