АСТАНА, 31 қазан – Sputnik. "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнының активтерін мемлекет меншігіне өткізу туралы келісімге Костенко атындағы шахтадағы трагедияға дейін қол қойылды, деп хабарлады өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
"Біз алдын ала құжаттарға 22 қазанда қол қойдық. АМТ құжатқа қайғылы оқиғаға дейін қол қойылғаны туралы ақпаратты растады. Асығыс жасалды деп айту орынсыз", - деді Шарлапаев үкіметтегі брифингте.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы 29 қазан күні таңертең активті Қазақстанға беру туралы үкіметпен келісім жасасқанын растады.
"Бірнеше ай бұрын біз "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының меншік құқығын үкіметке қайтару туралы келіссөз жүргіздік, ал өткен аптада, осы қайғылы оқиғаның алдында түбегейлі келісімге қол қойдық", - делінген хабарламада.
Бұған дейін министр Шарлапаев кәсіпорын Қазақстан меншігіне өткеннен кейін компания атауы өзгеретінін айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің отбасымен кездесуінде компанияны басқаруды Вадим Басинге тапсырды.