Никель және кобальт кен орны мемлекетке қайтарылды

Бұрынғы вице-министр Тоқтабаев 7 жылға сотталды
Sputnik
АСТАНА, 31 қазан – Sputnik. Бұрынғы вице-министр Тоқтабаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекетке Қостанай облысындағы "Шевченковское" бірегей кен орны қайтарылды, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Кен орнында никельдің 1,075 млн тоннасы және кобальттің 585,9 мың тоннасы бар. Пайдалы қазбалар қорларының жалпы құны 5,6 трлн теңгеден асып отыр.
Ал бұрынғы вице-министр Тоқтабаев 7 жылға сотталды. Оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. "Ерен еңбегі үшін" мемлекеттік наградасы да қайтарылды. Соттың шешімімен қымбат мүліктері тәркіленді.
Олар:
1.
Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Көкшоқы ш/а мекенжайы бойынша орналасқан жер учаскесі;
2.
Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Алматы бау-бақша серіктестігі мекенжайында орналасқан тұрғын үй;
3.
2021 жылы шыққан "Mercedes-Benz Maybach S580 4MATIC" маркалы авто;
4.
2021 жылы шыққан "Bentley Bentayga V8"" маркалы авто;
5.
13 коммерциялық ұйымның қатысу үлесі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.