АСТАНА, 30 қазан – Sputnik. 1 қарашада Мәскеуде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің "Өзгермелі әлемдегі БАҚ дамуы" атты ІІ медиа форумы өтеді. Ол ТМД елдеріндегі БАҚ қызметінің қазіргі жағдайы мен болашағын талдауға арналады.
Іс-шараны Ресейдің Цифрлық даму, баланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігінің қолдауымен "Россия сегодня" халықаралық медиа тобы ұйымдастырады.
Медиа топтың бас директоры Дмитрий Киселев "бұл форум жаңа сын-қатерлерге қарамастан ТМД елдері медиа саласы өкілдерінің бірлігі нығайып келе жатқанының тағы бір дәлелі" деп атап өтті.
"Егер былтырғы форумға қатысқандар саны 200-ге жуықтаса, биылғы іс-шараға Достастыққа мүше мемлекеттерден 300-ден астам біліктілігі жоғары мамандар аккредиттелген", - деді Киселев.
Пленарлық отырыстың тақырыбы – "Халықаралық журналистиканың болашағы", панельдік сессиялар медиа салада жасанды интеллектіні пайдалану, Telegram каналдарын жүргізудің тиімді стратегиялары, Достастықтағы орыстілді БАҚ-ты дамыту және цифрлық дәуірде бейіндік факультеттердің студенттерін дайындау ерекшеліктеріне арналған.
"Бүгінгі күні медиа шындықты қалыптастырады және алдағы форумның маңыздылығын асыра бағалау мүмкін емес. Біз ТМД елдеріндегі әріптестерімізбен кездесуді асыға күтудеміз, бізде міндетті түрде талқылайтын мәселелер бар", - деді Ресей цифрлық даму министрлігінің бұқаралық коммуникацияларды дамыту және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Екатерина Ларина.
Іс-шараға қатысушылар мен БАҚ өкілдері форумның сайтында аккредиттеледі.