АСТАНА, 30 қазан – Sputnik. Талдықорғанда жедел жәрдем жүргізушісі жол жиегінде көлік дөңгелегін ауыстырып жатқан ер адамды басып кетті, деп хабарлайды ішкі істер министрлігі.
Оқиға 30 қазанға қараған түні болған.
"54 жастағы жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Балпық би көшесімен келе жатып, жол жиегінде тұрған Audi көлігімен соқтығысады. Соққы кезінде жеңіл көліктің 37 жастағы жүргізушісі жолаушысымен бірге көліктің артқы дөңгелегін ауыстырып жатқан. Жеңіл көлік жүргізушісі сол жерде қайтыс болды. Сондай-ақ 36 жастағы ер адам түрлі дене жарақаттарымен аурухананың реанимация бөліміне жатқызылды", - делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, бұл фактіге қатысты қажетті сараптамалар тағайындалып, ҚК-нің 345-бабының 3-бөлімі бойынша тергеу басталды. Қылмыстық істі тергеуді облыстық полиция департаменті бақылауға алды.