АСТАНА, 29 қазан – Sputnik. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдегі Костенко атындағы шахтадағы жарылыс кезінде көз жұмған кеншілердің үйіне барды.
"Бүгінгі күнді қайтыс болған кеншілердің туыстары мен жақындарына барудан бастадым. Оларға көңіл айтып, қолдау білдірдім. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс әкімдігі отбасыларға материалдық қолдау мен жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру және өзге де қажетті көмек көрсету шараларын іске асыру үшін жедел тәртіпте жұмыс жасап жатыр", - деп жазды аймақ басшысы желіде.
Бөлекпаев әр отбасы көтерген мәселелер жекелей шешілетінін айтты және бұл мәселе өзінің жеке бақылауында деп сендірді.
"Мен сіздерді қабылданған шаралар туралы хабардар етіп отырамын", - деп уәде етті Ермағанбет Бөлекпаев.
Еске сала кетейік, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының Костенко атындағы шахтасында 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Апат кезінде 252 адам жер астында болған, оның 205-і жер бетіне шығарылды. Соңғы дерек бойынша, жер астынан 42 кеншінің мәйіті табылды.