АСТАНА, 29 қазан – Sputnik. Қарағанды облысы Костенко шахтасында қаза болған кеншілер саны өсті, құтақрушылар шахтадан тағы төрт кеншінің денесін тапты, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
Қазіргі уақытта қаза тапқандар саны 42-ге жетті. Жер астында қалған төрт кеншіні іздеу жұмыстары жалғасуда. Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов шахтаға түсу жұмыстарын жүргізді.
"Өрт және кеншілердің қаза болған жерлерін тексеру жүргізілді. Аварияны жою жөніндегі жедел штаб тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіруде. Ең қауіпсіз және кеншілер болуы мүмкін ықтимал учаскелер бойынша тау-кен құтқарушыларының өту жолдары пысықталып жатыр", - делінген хабарламада.
Іздестіру жұмыстары шамамен бір-бірінен 4 км қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесінің ауданында жүргізілуде. Тау-кен құтқарушылары қажетті жабдықтармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Газ жағдайын бақылау жалғасады.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС Қарағанды филиалының 55 тау-кен құтқарушысы және 15 техникасы жұмылдырылды.
Шұғыл медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін 21 адам және 7 бірлік жедел медициналық жәрдем техникасы жұмылдырылды.