Израиль әскері бір тәулікте ХАМАС нысандарына 450-ден астам соққы жасағанын мәлімдеді

Бұған дейін Израиль әскері Газа секторының солтүстігіндегі тұрғындарды анклавтың оңтүстігіне көшуге шақырған
Sputnik
АСТАНА, 29 қазан – Sputnik. Израиль әскері бір тәулік ішінде Хамастың 450-ден астам әскери нысанына, оның ішінде командалық орталықтар мен зымыран ұшыру пункттеріне соққы бергенін мәлімдеді.
"Өткен тәулікте Израиль әскери ұшақтары Газа секторындағы ХАМАС лаңкестік ұйымына тиесілі 450-ден астам әскери нысанға, соның ішінде жедел басқару орталықтарына, бақылау бекеттері мен танкке қарсы зымыран ұшыру пункттеріне соққы берді", - делінген ЦАХАЛ-дың Телеграм каналдағы мәлімдемесінде.
Армия құрылықтағы операцияларды кеңейту аясында Израиль әскерінің күштеріне шабуыл жасамақ болған және танкке қарсы зымырандарды ұшыруды жоспарлаған "террорлық ұяшықтарға" соққы берілгенін атап өтті.
Бұған дейін Израиль әскері Газа секторының солтүстігіндегі тұрғындарды анклавтың оңтүстігіне көшуге шақырған.
Газа секторында қаза болғандар саны, жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 8 мыңнан асты, оның жартысы балалар, 18 мыңнан астамы жарақат алған.