Баспананы кезекпен беру тәртібіне қандай өзгеріс енгізіледі

Sputnik
АСТАНА, 29 қазан – Sputnik. Үкімет тұрғын үй кезегіне бірқатар маңызды өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Ол қолжетімді баспананы әділ әрі ашық үлестіруге бағытталған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Кезек қысқарады Қазіргі кезде республика бойынша баспана кезегінде тұрған адамдардың саны 647 мыңнан асып отыр. Бірақ олардың арасында заң талаптарына сай келмейтін азаматтар да аз емес.
Олар:
96,1 мың адамда соңғы бес жылда үй болған;
533 адам Қазақстан азаматы емес;
91,4 мың адамның тіркеу орны кезекке тұрған аймақпен сәйкес келмейді;
29 мың адамда тіркеу жоқ; 15,6 мың адам базада қайтыс болғандар болып тіркелген.
Осылайша баспана кезегінде тұрған 232 мың адам заң талаптарына сай емес болып шықты. Олар кезектен шығарылады.

Кезектен бірден шығарылмайды

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, 200 мыңнан астам адамды баспана кезегінен бірден алып тастамайды. Әрбіреуін жеке-жеке тексереді.
"Баспана кезегін тазартудың негізгі мақсаты – адамдарға үйді тезірек алуға көмектесу. Ол – бір. Екіншіден, мемлекеттік қолдау шаралары көмекке шынымен де мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Әйтпесе, бізде кейбір адамдар баспана кезегіне бірнеше рет тұрады, үйді де бірнеше рет алады. Себебі әрбір бес жыл сайын баспана кезегіне тұруға рұқсат болған. Біз бұның барлығын ретке келтіруге тырысамыз", - дейді Шарлапаев.
Осы уақытқа дейін 20 мыңға жуық адамды тексеріп, баспана кезегінен шығарған.

Пәтер қалай үлестіріледі

Бұдан былай баспана адамның кезекке тұрған жылына қарай берілуі керек. Мысалы, біреулер 2010 жылы баспана кезегіне тұрса, олардың барлығы үй алып болғаннан кейін ғана 2011 жылы кезекке тұрғандарға пәтер беріледі.
Биыл Астанада баспана кезегінде тұрған азаматтар Республика күні қарсаңында жалдамалы пәтер алды. Адамдарды алдымен кезекке тұрған күні бойынша іріктеген. Қазіргі кезде баспана кезегінде тұрған азаматтарға пәтер алудың екі жолы ұсынылады. Отбасы банкінен 2-5 проценттік кредит алуға болады.
1,5 миллион теңге мөлшерінде бастапқы жарнаны төлеу үшін өтеусіз тұрғын үй сертификаты да қолжетімді, я болмаса, жалдамалы пәтерге кіруге мүмкіндік бар. Бірақ жалдамалы үйде тұру мерзімін әрбір бес жыл сайын ұзарту керек. Әзірше ондай баспананы жекеменшіке сатып алуға рұқсат жоқ. Бірақ алдағы уақытта ондай мүмкіндік берілуі мүмкін.

Жалдамалы пәтерлер қандай бағамен сатылады

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тиісті түзетулерді әзірлеп, мәжілістің қарауына енгізді. Оған сәйкес, жалдамалы пәтерді жекеменшікке сатып алуға рұқсат беріледі. Бірақ нақты талаптар болады.
"Әзірше, бес жыл деп отырмыз, яғни, жалдамалы пәтерде бес жыл тұрған адам оны сатып алу құқығына ие болады. Ал бағасына келер болсақ, жалдамалы пәтерді нарықтық бағамен емес, баланстық бағамен сатып алуға қатысты келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сонда адамдарға жеңілдеу болады", - дейді министр Шарлапаев.
Ал "жалдамалы пәтердің баланстық бағасы" дегеніміз, пәтер әкімдік балансына қандай бағамен алынса, сондай бағаға сатылады. Осыны енгізу үшін мәжіліс тиісті түзетулерді қабылдап, заңды қабылдауы қажет. 2-5 проценттік ипотека кімге беріледі Биылдан бастап "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы тоқтатылды. Ал Отбасы банкі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша жұмыс істеуге кірісті. Осыған байланысты әлеуметтік пәтерлер де жаңа әдіспен үлестіріледі.
Мәселен 2 проценттік ипотека баспана кезегіне тұрған бірнеше санатқа ғана беріледі.

Олар:
I және II топтағы мүгедектер;
Мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
"Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, көпбалалы аналар;
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде республика бойынша осы төрт санатпен 227 мың адам баспана кезегінде тұр.
Баспана кезегінде тұрған басқа азаматтар 5 проценттік кредитке өтініш бере алады. Олар – қандастар, толық емес отбасылар, жасына байланысты зейнетке шыққан азаматтар, кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратындар және тағы басқа адамдар. Тұжырымдаманың тағы бір тиімді тұсы – барлық санат бойынша кіріске шектеу жоқ. Ипотеканың ең жоғарғы сомасы да шектелмейді.
Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасы негізге алынады. Әлеуметтік пәтердің максималды ауданы – 80 шаршы метр. 2 және 5 проценттік ипотеканың ортақ шарты - алғашқы жарна. Оның көлемі 10 процентті құрайды.
Ипотеканың мерзімі – 20 жыл Бұған дейін Sputnik Қазақстан баспана кезегіне тұру тәртібі туралы жазған болатын.