АСТАНА, 28 қазан – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрлігі Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтадағы апаттан қаза тапқандар саны туралы жаңартылған деректерді жариялады.
"Сағат 16:00-дегі жағдай бойынша Костенко атындағы шахтада қаза тапқан 32 адамның мәйіті табылды, 14 кеншіні іздеу жалғасуда", - деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы Қарағанды облысындағы шахталар жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді.
"АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаменті шахталарының жұмысы алдағы бірнеше күнге тоқтатылды", - делінген хабарламада.
Компаниядағылар атап өткендей, осы уақыт ішінде газдан қорғау бойынша тексерістер жүргізіледі.
Ақпараттық және психологиялық қолдау көрсету үшін Қарағанды қаласында (ТЖД 8-7212-51-72-23, АрселорМиттал Теміртау 8-7212-49-72-70) және Астанада (8-7172-70-41-08) "жедел желі" телефондары жұмыс істейді.