АСТАНА, 28 қазан – Sputnik. Алматы полициясы шетелдіктерді Қазақстанға шақыратын компанияларды тексеріп жатыр.
Атап айтқанда, бұл жерде туристік визамен Африка құрлығындағы елдерден шетелдіктерді шақырып, олардың Қазақстаннан дер кезінде кетуіне тиісті шара қолданбаған компаниялар туралы сөз болып отыр.
"Тек соңғы аптада шетелдіктердің осы санатына шақыру жіберген және шетелдіктердің Қазақстанда болуы немесе елден белгілі бір мерзімнен кейін кетуі туралы құжаттарды рәсімдеу шараларын қолданбаған немесе келіп жатқандар туралы ішкі істер органдарына уақтылы хабардар етпегені үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған 6 заңды тұлға анықталды", - деді, Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасының басшысы полиция полковнигі Асхат Бутунчинов.
Айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл компаниялар алдағы 12 ай ішінде Қазақстанға шетелдіктердің келуіне шақыру қабылданбайтын заңды тұлғалардың тізіміне енгізілген.
Сондай-ақ сенімсіз компанияларға қатысты қалалық туризм басқармасына туристік оператор қызметіне лицензиясынан айыру немесе тоқтату мәселесін қарау үшін хат жолданды.
Бұған қоса, аталған компаниялардың біріне қатысты Қылмыстық кодекстің 394-бабы – заңсыз көші-қонды ұйымдастыру бойынша қылмыстық іс қозғалады.