АСТАНА, 27 қазан – Sputnik. Қазақстанда миллион теңгеден жоғары жалақы алатын 81 мыңнан астам адам бар. Оның 24 мыңға жуығы тау-кен өнеркәсібінде жұмыс істейді. Зейнетақы қорындағы қаржы 17 млрд теңгеден асты, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
Олар ешқандай да жеке кәсіпкер немесе шенді, шекпенді емес, қарапайым жұмысшылар. Тау-кен өнеркәсібінде шамамен 23 мың 600 адам қомақты жалақы алады. Ал 9 мыңнан астамы өнеркәсіп саласында еңбек етеді. Үшінші орында қаржы және сақтандыру саласы тұр. Онда 8600 адам жұмыс істейді. Құрылыста 7800, саудада - 5500 адам миллиондап табыс табуда. Жалақысы қомақты ерлер әйелдерден 3 есе көп.
Елімізде зергерлік бұйымдарға сұраныс артқан. Жыл басынан бері 839 млн теңгенің бұйымы өндіріліп, 110 млн АҚШ долларына тең болатын бағалы бұйымдар импортталды. Былтыр өндіріс көлемі 1,36 млрд теңгеге жеткен еді. Бағалы металлдан жасалған бұйымдардың бағасы күн санап өсуде. Неке сақинасы 32 пайызға қымбаттаса, сағаттар мен әшекейлер 30 пайызға көтерілген. Соған қарамастан көпшілік алтын алып жатыр. Мүмкін құны түспейтін дүниемен байлық жинауды құп санайтын шығар.
"Алтын күйінде сақтасаңыз, кез келген жағдайда қолжетімді болады. Апарасыз, орнына қалаған нәрсеңізді ала аласыз. Бұл бір жағынан азаматтардың белсенділігін, табыстылығын арттырудың бір жолы болып отыр", - дейді экономист Ғалымжан Есқараұлы.
Зейнетақы қорындағы қаржы 17 млрд теңгеден асты. Жыл басынан бері жинақтағы ақша 2,6 трлн теңгеге өскен. Бұл қаржының 96 пайызы міндетті зейнетақы жарналарынан түскен. Еңбек демалысындағы жандарға 405 млрд теңгеден астам қаржы төленсе, жас бойынша төлемдер 109 млрд теңгеден асқан. Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге берілген біржолғы зейнетақы төлемдері 198,75 млрд теңгені құрады.