"Барлық орманнан айырылуымыз мүмкін": сенаторлар дабыл қақты

Билік орман өрттерін алдын ала анықтауға және дер кезінде сөндіруге дайын емес, деді Сергей Ершов
Sputnik
АСТАНА, 26 қазан – Sputnik. Сенат депутаттары премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, орман жерлерін қорғау бойынша шұғыл шаралар қабылдауды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жақында бір топ сенатор Қарқаралы мемлекеттік ұлттық паркіне барып, орманшылардың жағдайын көріп қайтты. Өрт қауіпсіздігінің деңгейін де тексерді.
"Ол жақта еліміз егемендігін алғалы бері ештеңе өзгермеген сияқты. Мемлекет басшысының тапсырмасына қарамастан, жағдай еш өзгермеді, кеңес заманы деңгейінде қалды. Мысалы, 42 кардонға небәрі 7 өрт сөндіру техникасы бар. Оның өзі 90-шы жылдары шығарылған. 3 кардон ғана ескі радиобайланыспен қамтамасыз етілген. Қалғанында мүлдем жоқ. Автомобиль паркінде "ПАЗ" автобусы, ГАЗ-51 жүк көлігі мен кеңес заманынан қалған өрт сөндіру машинасы ғана бар. Ал орманшылардың жалақысы шамамен 75 мың теңгені құрайды", - деді сенатор Сергей Ершов.
Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 1 000-ға жуық дала және орман өрті тіркеледі. Табиғи өрттер кезінде адам өлімі де тіркеліп жатады. Оған Абай облысындағы орман өрті дәлел. Сол кезде 14 адам қаза тапты. Ал мемлекетке келген шығынның көлемі 163 миллиард теңгеге жетті.
"Қазақстанда орман көлемі барлық жердің 5-ақ процентін алып отыр. Өкінішке қарай, біз орман өрттерін алдын ала анықтауға және дер кезінде сөндіруге дайын емеспіз. Сондықтан Қостанай мен Абай облыстарында болған трагедиялар қайталануы мүмкін. Қазақстанда барлық орман қорынан айырылу қаупі бар", - деп атап өтті сенатор.
Осы орайда жоғары палата өкілдері орманшылардың тұрмыс жағдайын жақсартып, жалақысын көтеру қажет деп санайды. Материалдық-техникалық базасын да жаңарту қажет. Ал орман өртін анықтау үшін дрондарды пайдаланған жөн.