АСТАНА, 26 қазан – Sputnik. Аягөз қаласында өртенген үйден төрт баланың мәйіті табылды, деп хабарлады Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
25 қазанда сағат 10:49-да ТЖБ күштері мен құралдарын жедел басқару орталығының пультіне жеке үйлердің бірінде түтін шыққандығы туралы сигнал келіп түскен. 6 адамнан тұратын құтқарушылар бригадасы дереу сол жерге барған.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгеннен кейін бөлмелердің бірінде 20 шаршы метр аумақтағы жиһаздар мен жеке заттар жанғаны анықталды.
"Оқиға орнында төрт баланың денесі табылды. Өлімнің себебі анықталуда", - деп жазылған хабарламада.
Өрт сағат 11:10-да оқшауланып, 11.24-ге толық сөндірілді. Тиісті сараптама тағайындалып, полиция тергеу жүргізіп жатыр.