Қоғам

Жетістіктермен бірге қателіктер де болды, оны ұмытпаған жөн – президент

Оның айтуынша, мемлекетіміздің жетістіктері – Қазақстанның шынайы егемендігінің жемісі
Sputnik
АСТАНА, 24 қазан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тұрақты дамуы үшін қателіктерден сабақ алуға шақырды.
"Мемлекетіміздің жетістіктерін қаперден шығармай, үнемі айтып жүру керек. Өйткені, оның бәрі – Қазақстанның шынайы егемендігінің жемісі. Сонымен бірге, әрине, қателіктер де болды. Оны ұмытпаған жөн. Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін одан қорытынды жасалуға тиіс", - деді Тоқаев Республика күні қарсаңында Ақордада өткен мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде.
Президенттің айтуынша, тәуелсіздік жылдарын қазақ халқы абыроймен жүріп өткен дара жол деуге болады.
"Осы кезеңде біз қуатты әрі жауапты мемлекет ретінде қалыптастық, елдігіміздің тұғырын нығайттық. Көк туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Көрші елдермен сындарлы келіссөз жүргізіп, шекарамызды біржола шегендедік. Соның арқасында шынайы достық шекарасы қалыптасты, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік", - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Тоқаев Қазақстан соңғы жылдары түбегейлі жаңғырғанын, ауқымды, бірегей конституциялық реформа жасалғанын айтты.
"Бұл маңызды қадам біздің геосаяси ортамызды алып қарасақ, теңдессіз реформа болды. Жалпыұлттық референдумда халқымыз бұл өзгерістерге барынша қолдау білдірді. Азаматтардың саяси үдеріске қатысу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Мемлекет пен қоғамның қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болды. Яғни, жалпыұлттық диалогтың ауқымы кеңейді", - деді ол.
Сондай-ақ президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Аралас сайлау жүйесі енгізілді.
Тоқаевтың пікірінше, мұның бәрі – саяси реформаның басты мазмұны.
Назарбаев еліміздің тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді – Тоқаев