"Қараңғы аллеялар" (Темные аллеи), Иван Бунин.
Буниннің ең танымал шығармаларының бірі. Жазушының өзі де бұл туындыны өзінің ең жақсы жұмысы деп санайды. Бұл жарқын әрі өте сезімтал махаббат энциклопедиясы. Автор "махаббат портреттерінің" тұтас галереясын жасады – шым-шытырық, қайғылы, қатыгез, қызғанышқа толы, құрбан болатын, құштарлық қармаған... Әрбір махаббат хикаясы мінсіз інжу-маржан сияқты бейнеленген. Табиғат пен күзгі пейзаждарды суреттеу тіпті тамаша.
"Суық судағы күннің шуағы" (Немного солнца в холодной воде), Франсуаза Саган.
35 жастағы журналист қатты күйзелісті бастан өткереді. Ол өзінің құрбысы сияқты талантты және тартымды болғанымен, өмірдің мәнін жоғалтып, көңілсіз күйге түскен. Бірақ ол күздің бір күнінде Наталимен кездескеннен кейін өмірге деген құштарлығы қайта оралады.
"Соңғы жапырақ" (Последний лист), О. Генри.
Жас суретші пневмониямен ауыр науқастанып қалады. Ол терезеден көрініп тұрған шырмауықтан соңғы жапырақ түскенде өлемін деп шешеді. Қыз жақындарының көз алдында күн санап солғын тартып барады. Бірақ әлгі "жапырақ" түспей тұрып алады. Кейінірек бұл тылсым жағдайға кім "жауапты" екені және өз өмірін қауіпке тігіп, қызды аман алып қалуға кім әрекет жасап жүргені белгілі болады.
"Күзгі гүлдер" (Цветы осени), Ариэль Бюто.
Керемет және иронияға толы француз романы. Оның негізінде "махаббат жасқа қарамайды" деген танымал түсінікті дәлелдейтін оқиғалар жатыр. Қуанышқа да, мұңға да толы бұл кітапта жастық шақта үзілген махаббаттың көп жылдардан кейін кенеттен қайта тұтануы баяндалады.
"Патриарх күзі" (Осень патриарха), Габриэль Гарсиа Маркес.
Басты кейіпкер – патриарх, кітапта атауы аталмаған мемлекеттің басшысы. Патриарх жалғызбасты адам, оның көзқарастары мен әрекеттері бәріне бірдей ұнамды емес. Оған берілген билік оны қатыгез адамға айналдырды. Бірақ өзінің қатыгездігінен қиналған ол жалғыздықтан есі адасардай болып, өз өлімін күтеді. Бұл шығарма терең философияға толы.
"Қыркүйектегі раушандар" (Сентябрьские розы), Андре Моруа.
Француз жазушысы Андре Моруаның ұзақ некелік өмір, сатқындық, махаббат мәселелерін бейнелейтін және өмірдің мәні туралы пікірталастарды қамтитын туындысы. Моруаның "Қыркүйектегі раушандар" романы оның "Бейтаныс қызға арналған хаттар" және "Тағдыр құбылмалылығы" атты тамаша кітаптарынан еш кем түспейді. Егер философия мен романтиканы бірге қамтығыңыз келсе, осы кітапты оқуға кеңес береміз.
"Жалғыздықтан жаураған түн" (Ночь в одиноком октябре), Роджер Желязны.
"Жалғыздықтан жаураған түн" шығармасы 1994 жылы үздік роман үшін "Небьюла" сыйлығына ұсынылды. Бұл туындыдағы әңгіме бірнеше он жылда бір рет, Хэллоуин түнінде ай толған шақта біздің әлем мен Ұлы Көнелер әлемінің арасында есіктер ашылатыны туралы баяндайды. Күзгі декорациядағы фантастикалық оқиғалар сипатталған.
"Жаз, қош бол!" ("Лето, прощай!"), Рэй Брэдбери.
Кітап 1957 жылы шыққан әйгілі "Бақбақ шарабы" повесінің жалғасы. Роман әр күні жаңа шытырман оқиғаға толы шағын қалада тұратын ұл балалар туралы әңгімелейді. Шығармада олардың пәктік пен қуанышқа толы балалық шағы суреттеледі. Кейіпкерлер қоршаған әлемді зерттеп, ойындар мен фантазияларға арналған жаңа орындарды табады. Алайда жазғы шытырман оқиғалар кезінде кейіпкерлер қиындықтарға тап болады. Олар өлім, сатқындық және жақындарынан айырылу дегеннің не екеенін біле бастайды. Осы оқиғалардың барлығы олардың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, өмірдің құндылығы туралы ойлануға мәжбүр етеді.
"Қазандағы үнсіздік" (Молчание в октябре), Йенс Кристиан Грендаль.
Әдемі баяндау және қызықты сюжет. Күзгі демалыс үшін тағы не қажет? Кітап адамдардың күрделі қарым-қатынастарына арналған. Бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлерді байланыстыратын күрделі оқиға романды шытырманға айналдырып, оқырманды бірден баурап алады.
"Өршіл күз" (Отчаянная осень), Галина Щербакова.
Алғашқы күшті, бірақ жауапсыз сезімдер, қызғаныш, ыза, үміт сыныптастардың жан дүниесін дауылдай шарпып, олардың есеюіне ықпал етеді. Олардың жас өмірінде қайнап жатқан құмарлықтар қайғылы оқиғаға әкеле жаздайды.
"Найзағайлы асу" (Грозовой перевал), Эмилия Бронте.
Жалынды, қайғылы махаббат туралы әңгіме. Кейіпкерлерге бірге болу бұйырмаған. Оқиға Йоркширдің сазды аймақтарында өтеді, оның кейіпкерлері көршілес екі жер иелігіндегі тұрғындар. Осы жердің бірінің иесі мейірімділік танытып, кішкентай жетім баланы құтқарып қалады. Алайда оның бұл әрекеті құйындай зулаған шым-шытырық оқиғаларға әкеледі.
"Күзгі романс" (Осенний романс), Серік Асылбекұлы.
Бұл пьеса 2005 жылы Алматыда өткен Қазақстан әдебиет байқауында бас жүлдеге ие болды. Ол адамдардың бұл өткінші өмірде неге ұмтылатыны туралы баяндайды. Басты кейіпкерлер бақытқа ұмтылып, әртүрлі әрекеттерді жасайды, кейде қателесіп, қате қадамдарға барады. Олар бұл мәңгілік қол жетпес бақытты қуып жете алар ма екен?!