АСТАНА, 23 қазан – Sputnik. Қарағанды облысында инвестор прокуратура араласқаннан кейін құны 112 млрд теңгеден асатын жобасын іске асыра бастады, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
Қарағанды облысында 401,4 млрд теңгеге 36 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Алайда уәкілетті органдар инвесторлармен тиісті түрде жұмыс жүргізбейтіні, олардың заңды құқықтары бұзылатыны анықталды.
Мысалы, "KyzylArayCopper" ЖШС инвесторы 700 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, құны 112,5 млрд теңге болатын "Алмалы-2" тау-кен өңдеу кешенінің құрылысы" жобасын қолға алған.
"Жобаны іске асыру барысында инвестор шаруа қожалықтарымен келісімге келе алмағандықтан, ауыл шаруашылығы жерлері арқылы өтетін электр желілерін салуды ұзақ уақыт бастай алмаған. Іске асырылып жатқан жобаның маңыздылығына қарамастан, жергілікті атқарушы орган мәселені шешуге ешқандай шара қолданбаған", - дейді прокуратурадағылар.
Ол аздай Шет ауданының әкімі "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңның талаптарын бұзып, ЖШС-мен ынтымақтастық туралы меморандум бекіткен және онда инвестор үшін ауыртпалық түсіретін міндеттемелер қарастырған.
Қарағанды облыстық прокуратурасы араласқаннан кейін меморандумның күші жойылды. Жер пайдаланушылармен келісімге қол жеткізілді, осылайша электр желілерінің құрылысы басталды, деп атап өтті ведомстводағылар.
Прокуратура инвесторлардың өтінішіне жедел ден қою мақсатында фронт – офис құрылғанын және Қарағанды облысы прокуратурасының мобильді тобы тәулік бойы (байланыс телефоны +7 778 099 91 11) жұмыс істейтінін еске салды.