АСТАНА, 23 қазан – Sputnik. Газа секторында қаза тапқан орыс тілді тұрғындардың екеуі Қазақстан азаматы мен оның қызы болып шықты. Бұл туралы РИА Новости порталына Ресейдің сыртқы істер министрлігіндегі ақпарат көзі хабарлады.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Израиль әскерінің кезекті соққысы кезінде орыс тілді отбасының қаза болғаны туралы ақпарат тараған болатын. Ресей дипломаттары бірден тексеріске кіріскен. Кейбір мәліметтерде қаза тапқандардың ТМД-ға кіретін елдердің бірінен келгені жайында айтылды.
"Қазақстан азаматы Юлия Абу-Меалак пен оның қызы қаза тапты", - деді агенттікке сұхбат берген министрліктің өкілі.
Ал қазақстандық дипломаттар бұл ақпаратты растаған жоқ. Сыртқы істер министрлігіне қаза тапқандар туралы ақпарат әзірге түспеген.