Қоғам

Атырау мұнай өңдеу зауытында жанар-жағармай өндіріле бастады

Мұнай өңдеу зауытында жоспарлы-алдын ала тексеру жұмыстарының негізгі көлемі аяқталған, қалған жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр
Sputnik
АСТАНА, 23 қазан – Sputnik. Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы-алдын ала тексеру жұмыстарының аралық қорытындысы аясында технологиялық қондырғылардың бірінші кезеңі іске қосылды, деп хабарлайды "ҚазМұнайГаз" компаниясының баспасөз қызметі.
Тәуліктік мұнай өңдеу көлемі — 9 500 тонна.
"Мұнай өнімдері мынадай көлемде шығарыла бастады: автобензин – тәулігіне 1 200 тонна, дизель отыны — тәулігіне 1 500 тонна", - делінген хабарламада.
Қалған технологиялық қондырғыларда жоспарлы-алдын ала тексеру жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жабдықтарды кезең-кезеңімен технологиялық режимге шығару жоспарланып отыр.
Жоспарлы жұмыстар басталғалы бері жабдықтарды тазалау, пештер мен реакторларды қаптау, тозған жабдықтар мен катализаторларды ауыстыру, колонналық жабдықтардың ішкі құрылғыларын модификациялау және тағы басқа жұмыстар атқарылған. Қысыммен жұмыс істейтін түтікшелерді тексеру жалғасуда.
Сонымен қатар зауытта экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес қоршаған ортаға шығарылатын эмиссияларды анықтайтын автоматтандырылған жүйені орнату жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоспарлы-алдын ала тексеру барысында технологиялық пештердің мұржаларына автоматтандырылған бақылау жүйесін монтаждауға қажетті барлық жұмыс орындалды, деп атап өтті компаниядағылар.
Атырау МӨЗ қараша айының алғашқы онкүндігінде толық жобалық қуатына шығады деп жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 1 қазанда Атырау МӨЗ бір айға жөндеуге жабылғаны хабарланған болатын. Күрделі жөндеу 3 қарашаға дейін созылады.
Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысы уақытша тоқтатылды