АСТАНА, 23 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Президентке қаржы нарығындағы жағдай, экономиканың нақты секторына берілетін кредит көлемін кеңейтуге және халықтың тым көп несие алуын төмендетуге бағытталған шаралар туралы баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа банк акционерлерінің жауапкершілігін қатаңдату үшін төлем қабілеті төмен банктердің жұмысын реттеуге және мемлекеттік қолдауды шектеуге қатысты заң жобасының әзірленіп жатқаны жөнінде мәлімет берілді.
"Мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылай қолдауды толық өтемейінше, банк басшыларына дивидендтер мен бонустар төлеуге заң жүзінде тыйым салатын өзгеріс енгізу жоспарланып отыр", - деді Әбілқасымова.
Агенттік төрағасы банк секторында тұрақтылық және барлық қаржы көрсеткіштерінде өсім байқалатыны туралы айтты. Жыл басынан бері банктердің активтері 4,8 пайызға, яғни 46,7 триллион теңгеге дейін өсті.
Экономиканы кредиттеу 11,5 пайызға немесе 25,4 триллион теңгеге дейін, соның ішінде шағын және орта бизнеске берілген кредиттер 9,0 пайызға немесе 6,6 триллион теңгеге дейін ұлғайды.
Президенттің бизнесті кредиттеуді ынталандыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында банктердің капиталына, өтімділігі мен кепіл саясатына, сондай-ақ шетелдік еншілес банктердің кредиттік белсенділігін арттыруға қатысты жаңа пруденциалды шаралар әзірленді. Шетелдік инвесторлар еліміздің банк секторына кіруі үшін талаптарды оңтайландыру жоспарланып отыр.
"Агенттік цифрлық платформалар арқылы стрессті активтерді сату, халықтың тым көп несие алуын төмендету, барлық микрокредит бойынша бірыңғай мөлшерлеме белгілеу, коллекторлық қызметке қойылатын талаптарды қатаңдату, қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі заң жобаларын әзірлеп, парламенттің қарауына енгізді", - деді агенттік басшысы.
Мемлекет басшысына қадағалау қызметі аясында жүргізілген тексерулерден кейін 29 микроқаржы ұйымының және 14 коллекторлық агенттіктің қызметі тоқтатылғаны, оларға 90 қадағалау шарасы қолданылып, жалпы сомасы 105,3 миллион теңге болатын 338 айыппұл салынғаны жөнінде баяндалды.
Кездесу соңында мемлекет басшысы агенттікке қаржы тұрақтылығын сақтау, халықтың тым көп несие алуын төмендету және қаржылық қызмет тұтынушыларын қорғауды күшейту, бизнес субъектілерін кредиттеу ісін ынталандыру жөнінде бірқатар міндет жүктеді.