Дерекқор

ҰБТ – 2024: түлектер үшін не өзгереді

Қазір түлектер мамыр-шілде айларында өтетін негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады. Сөйтіп ең жоғарғы баллмен грант бөлу конкурсына қатысады. Бұдан бөлек ақылы түрде оқимын деген талапкерлер үшін қыста, көктемде және жазда үш рет ҰБТ ұйымдастырылады
Sputnik
Келесі жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге бірнеше өзгеріс енгізілмек. Тест сұрақтарының саны мен тестілеу уақыты өзгереді. Шығармашылық мамандықты таңдаған түлектерді де жаңалық күтіп тұр. Толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Тест тапсырмалары көбейеді

2024 жылы ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгермейді: әдеттегідей үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша.
Алайда міндетті "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтары, керісінше, артады. Келесі жылы олар 40 тапсырмадан тұрады: бейіндік пәндер бойынша сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады.
Осылайша ҰБТ-ның жалпы тапсырмалар саны – 120 сұрақ өзгеріссіз қалады:
Қазақстан тарихынан – 20 тапсырма;
Оқу сауаттылығынан – 10 тапсырма;
Математикалық сауаттылықтан – 10 тапсырма;
екі бейіндік пәннен – әрқайсысы 40 тапсырмадан.
Жоғары балл да өзгермейді – 140.

ҰБТ пәндері бойынша шекті балл

2024 жылы екі міндетті пән бойынша шекті балл төмендейді:
Математикалық сауаттылық – 10 тапсырма, шекті балл – 3;
Оқу сауаттылығы – 10 тапсырма, шекті балл – 3;
Қазақстан тарихы – 20 тапсырма, шекті балл – 5;
Бірінші бейіндік пән – 40 тапсырма, 50 балл, шекті балл – 5;
Екінші бейіндік пән – 40 тапсырма, 50 балл, шекті балл – 5.
Айта кетері, бұған дейін ҰБТ-ның барлық пәні бойынша шекті балл 5 болған еді.

Тестілеу уақыты қысқарады

2024 жылғы ҰБТ-ның тағы бір жаңашылдығы – тестілеу уақыты қысқарады.
Енді ҰБТ тапсыру үшін түлектерге 3 сағат 30 минут (210 минут) беріледі. Бұрын тестілеу уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайтын.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт сақталады.

Шығармашылық мамандықты таңдағандар үшін – тағы бір міндетті пән

2024 жылдан бастап ҰБТ-да шығармашылық бағытты таңдаған талапкерлерге тағы бір міндетті пән қосылады. Енді олар "Қазақстан тарихы" мен "Оқу сауаттылығы" пәндерімен қатар "Математикалық сауаттылықтан" да тест тапсырады.
"Математикалық сауаттылықтан" тест тапсырмалары өмірде математикалық логика бойынша алған білімін, дағдыларын қолдана алуын тексеруге бағытталған. Сондықтан бұл пән барлық тест тапсырушы үшін міндетті", - деп түсіндірді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл өзгерістің енгізілу себебін.

Бейіндік пәндер комбинациясы

Бұған дейін ғылым және жоғары білім министрлігі бейіндік пәндер комбинациясына өзгеріс енгізбекші болған. Атап айтқанда "B059 – Коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар", "B055 – Математика және статистика", "B063 – Электротехника және автоматтандыру" білім бағдарламаларының топтарына түсушілер "Математика-Информатика" комбинациясын тапсырады деген.
Алайда осы мамандықтарды таңдаған көптеген талапкер "Математика-Физика" комбинациясын қалдыруды өтінді. Өйткені олар дайындықты бастап кетіпті. Министрлік түлектердің талап-тілегін ескеріп, өзгеріс енгізбеуді жөн көрді. Осылайша ҰБТ-ға дайындықты "Математика-Физика" пәндері бойынша жалғастыра беруге болады.

ҰБТ-ға өзімен бірге қалам әкелуге тыйым салынады

Келесі жылдан бастап талапкерлер ҰБТ-ға өзімен бірге қалам алып кіре алмайды. Себебі бұған дейінгі ҰБТ-ларда қаламға шпаргалка жасырып әкелгендер болған. Ереже бұзудың алдын алу үшін тестілеу орталығы осындай қадамға барып отыр. Енді түлектерге қалам аудиторияда беріледі.
Тест тапсыратын талапкерлер өзімен бірге тек жеке куәлігін, су және шоколад алып кіре алады.

ҰБТ-ға дайындалуға арналған онлайн тест сынағы

Ұлттық тестілеу орталығы 2024 жылғы ҰБТ-ға дайындалу үшін онлайн байқау сынағы (пробное ЕНТ) іске қосылғанын хабарлады.
Байқау сынағынан орталық сайтында өтуге болады.
Ол үшін не істеу керек:
testcenter.kz сайтында тіркеліп, жеке кабинетке кіру;
"Байқау сынағы" бөлімін таңдау;
тестілеу мүмкіндігін сатып алу батырмасын басып, төлем жасау.
ҰБТ-ның байқау сынағы 602 теңге тұрады.
ҰБТ кезінде талапкерлерге жоғары балл әпергендер ұсталды