АСТАНА, 22 қазан – Sputnik. Шымкент қаласында Түркияның 100 жылдығына орай көше мен саябақ осы елдің атауымен аталады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ашық НҚА" порталында қалалық әкімдіктің қаулысы жарияланды. Оған сәйкес, "Шымсити" шағын ауданындағы атауы жоқ көше "Түркия көшесі", ал Еңбекші ауданындағы атауы жоқ саябақ "Қазақстан-Түркия достығы саябағы" деп аталады.
Қаулыда Шымкент қаласы халқының пікірі ескерілгені туралы жазылған. Қалалық ономастика комиссиясының 2023 жылғы 6 маусымдағы және Республикалық ономастика комиссиясының 2023 жылғы 13 қазандағы шешімі бар.
Құжат қоғамдық талқылауға 1 қарашаға дейін шығарылып отыр. Ал алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.