Оқушылар мұғаліммен бірге ұшақпен тегін қатынай алады – министрлік

Балалар ұшақпен тегін ұша алады
Sputnik
АСТАНА, 21 қазан – Sputnik. Қазақстанда мұғаліммен бірге жүретін мектеп оқушылары ұшақпен тегін қатынай алады. Бұл туралы туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.
Бұл бастаманы Kids go free бағдарламасы аясында енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде ондай қызмет ішкі туризмді дамыту мақсатында ата-анасымен немесе заңды өкілімен бірге жүретін балаларға ұсыналады. Олар ішкі рейстермен тегін қатынай алады. Ал келесі жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалар мұғаліммен де Қазақстанның кез келген жеріне ақысыз ұшатын болады.
"Мәселен, сынып жетекшісі 20 оқушыдан тұратын топты Қазақстанның басқа аймағына алып барса, жанында ата-анасы бар ма, жоқ па, оған қарамайды, балалар тегін ұша алады. Біз осы бастаманы толығымен қолдаймыз. Қазіргі кезде депутаттармен бірлесіп пысықтап жатырмыз. Қарсылық болмаса, келесі жылдан бастап осы қызмет қолжетімді болады. Меніңше, қарсылық болмайды", - деді Еркінбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Айта кетері, былтыр ел ішінде саяхаттайтын қазақстандықтарға тиімді жеңілдіктер берілген еді. Балалар ұшақпен тегін ұша алады. Ал шығынды мемлекет өтейді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – ішкі туризмді дамыту. Kids go free бағдарламасының негізгі шарттарымен мына жерден танысуға болады.