АСТАНА 21 қазан - Sputnik. Газа секторына гуманитарлық көмек тиелген алғашқы жүк көліктері Рафах бақылау-өткізу пункті арқылы анклавқа кіре бастады, деп хабарлайды al Arabiya.
"Гуманитарлық көмек, соның ішінде медициналық дәрі-дәрмектер тиелген жүк көліктері Мысырдың Рафахтағы бақылау-өткізу бекетінен Газа секторына өте бастады", - деп хабарлады оқиға орнынан телеарна тілшісі.
Бұған дейін РИА Новости Мысыр мен Газа секторының шекарасында гуманитарлық жүк тиелген 200-ге жуық жүк көлігі тұрғанын хабарлаған болатын.
Рафах бақылау-өткізу пункті сағат 10:00-ден бастап ашылғанын бүгін Американың Израильдегі елшілігі мәлімдеді. Ол арқылы Мысырға АҚШ немесе өзге де батыс елдерінің төлқұжаты бар палестиналықтар, сондай-ақ кейбір гуманитарлық ұйымдардың қызметкерлері шығады деп күтілуде.