АСТАНА, 21 қазан – Sputnik. Қостанай облысындағы Федоров ауданында әкімдікке қарасты кәсіпорын жергілікті халықтан коммуналдық төлемді артық жинаған. Келесі айдан бастап 500 адам үшін тариф 33 процентке төмендетіледі, деп хабарлайды аудан прокуратурасының баспасөз қызметі.
Прокурорлар монополияға қарсы органмен бірлесіп аудан әкімдігінің "Жылу орталығы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынды тексеріп шықты. Талдау кезінде бірқатар құқықбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, тарифтік смета шығындары 5 процентке орындалмаған. Кәсіорын негізсіз табыс тапқан. Сондай-ақ амортизацияға арналған төлемдерді мақсатсыз пайдаланған.
"2022 жылы негізсіз алынған табыс 51 млн теңгені құрады. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша монополияға қарсы орган Федоровка ауылының тұрғындары үшін "Жылу орталығы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны өндіретін жылумен жабдықтау тарифін төмендету жөнінде шаралар қабылданды. 500 тұтынушы үшін уақытша өтемдік тариф бекітілді", - дейді прокурорлар.
"Жылу орталығы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тұрғындарға келтірілген залалды өтеу мақсатында 1 қарашадан бастап тарифті 11 183,83 теңгеден 7 435,58 теңгеге дейін, яғни 33,5%-ке төмендететін болады.