АЛМАТЫ, 20 қазан – Sputnik. Ақтауда кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының басшылығына қатысты қылмыстық тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Lada.kz.
Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының бұрынғы директоры комиссияның шешімі бойынша жұмысынан айырылды. Басшыға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының білім басқармасы хабарлаған.
Ведомствоның айтуынша, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының бұрынғы басшысына қатысты іс материалдары прокуратураға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілді.
"Білім басқармасының бастамасымен арнайы комиссия құрылып, тергеу жүргізілді. Осы комиссияның қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының бұрынғы директоры қызметінен босатылды. Материалдар прокуратураға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке одан әрі тергеу үшін берілді", - деп хабарлады Маңғыстау облысының білім басқармасы.
Тергеудің себептері әлі ашылған жоқ.
Анонимді шағымды редакцияға Маңғыстау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының ұжымы жіберген. Өтініш авторлары басшының орталыққа өзінің жақын туыстары мен бұрынғы әріптестерін жұмысқа орналастырғанын мәлімдеді. Ұжымның айтуынша, мекемеде басқа да көптеген бұзушылықтар болған.
"Ол өзінің жақын туыстарын біздің мектепке, өзінің әпкесі мен ұлын, сондай-ақ бұрынғы әріптестерін жұмысқа орналастырды, олар іс жүзінде жұмысқа келмейді, жұмыс істемеген адамдар қолма-қол ақша алды. Аталған істі Ақтау қаласының прокуратурасы анықтап, қылмыстық іс қозғады", - делінген хатта.
Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары - бұл кәмелетке толмағандарды қабылдауды және уақытша ұстауды қамтамасыз ететін білім беру органдарының қарамағындағы мемлекеттік ұйымдар.