АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. 2023 жылы кредит алып, қарызға батқан 12 қазақстандық суицид жасады, деп хабарлады ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха.
Бүгін парламенттің төменгі палатасы халықтың қарыз жүктемесін азайту шараларын қарады.
"Қарызға батқан тағы 40 азамат кредитті өтеуге қажетті ақшаны табу үшін түрлі қылмыс жасады, оның ішінде қарақшылық шабуыл, тонау және ұрлық бар. Бұл әрекеттер ешбір жағдайда оларды ақтамайды және олар заң бойынша жауап береді, әркім мұқият ойлануы керек", - деді Лепёха мәжілісте.
Төлей алмайтын азаматтарға кредит беруге тыйым салып, онлайн кредиттеуді қатаң түрде реттеу керек, деді спикер Ерлан Қошанов. Сондай-ақ ол тұрғындардың артық төлем сомасын түсінбей кредит алатынын атап өтті.
"Осы ойланбай істелген әрекеттер кейінірек ажырасуға, алкоголизмге, суицидке және құмар ойындарына тәуелділікке әкеледі", - деп толықтырды төменгі палата басшысы.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанда тұтынушылық кредиттің шекті көлеміне шектеу қою қажет екенін айтты.