Алматы әкімдігі жарықтандыру ісімен айналысатын компаниямен соттасты

Билік амалсыз сотқа шағымданған
Sputnik
АЛМАТЫ, 18 қазан - Sputnik. Алматы әкімдігі жарықтандыру жұмысын дұрыс атқармаған жеке компанияға қарсы сотта жеңіске жетті, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шарт жасалған кезде жеке серіктес жыл сайын 5 жыл ішінде 8915 жарық нүктесін жаңарту керек болған. Яғни, жылдың соңына қарай 35 661 жарық нүктесі қосылуы керек еді, алайда бұл міндет орындалмаған.

"Жеке серіктес шарт бойынша өз міндеттемелерін толыққанды орындамады және көше жарықтандыру мәселелерін шеше алмады. Соның салдарынан, қала көшелерінде жарық болмады, тұрғындарының шағымдары көбейе бастады", - дейді әкімдіктегілер.

Жергілікті билік амалсыз сотқа шағымданған. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен "Алматы қаласын сыртқы жарықтандыруды модернизациялау" жобасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты бұзылды.
"Алматы Қала Жарық" МКК-нің "ABM - Вuilding 2007" ЖШС, "Электроремонт" ЖШС және "ABM - Project" ЖШС үш компаниядан тұратын жеке әріптес-консорциуммен шарт бұзылды.
Қала әкімдігі қала тұрғындарына электр жарығына қатысты кез келген өтініш-шағыммен хабарласатын байланыс нөмірлерін таратты.
""Алматы Қала Жарық" диспетчерлік бөлмесіне телефон нөмірлері бойынша қоңырау шалыңыз.+7 771 718 24 39, +7 771 718 24 56.
Диспетчер Сіздің өтінішіңіз бойынша өтінім қалыптастырады. Өтініште сіз мекенжайды, мәселенің мәнін және байланыс деректерін көрсетесіз. Сізге өтінішіңіздің нөмірі беріледі", - деп хабарлады қала әкімдігі.
Өңірлер
Алматыда 80 млн теңгенің жарық бағаналары ұрланды