АСТАНА, 18 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаттары Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері туралы заңға сенат енгізген түзетулерді мақұлдады. Парламент қабылдаған заң президенттің қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
20 қыркүйекте мәжіліс қабылдаған заң сенаттың қарауына жіберілген болатын. Сенат заңды талқылап, бірқатар түзету енгізіп, 13 қазанда мәжіліске кері қайтарды.
"Сенат ұсынған түзетулер заңның тұжырымдамалық ережелерін өзгертпейді. Барлығы 10 түзету енгізілді, оның ішінде: редакциялық-нақтылау сипатындағы 5 түзету, Қазақстанның жекелеген заңнамалық актілеріне сәйкес келтіруді көздейтін заңдық сипаттағы 5 түзету", - делінген қорытындыда.
Мәжіліс депутаттары сенат енгізген өзгерістерді мақұлдап, заңды қабылдады. Енді оған президент қол қоюға тиіс.
Айта кетері, заңға сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-і балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтау шоттарына аударылады. Бұл ақшаны мерзімінен бұрын алуға тыйым салынады.
Бала кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын баспана сатып алуға немесе оқу ақысын төлеуге жұмсай алады. Алайда бала азаматтығын өзгерткен немесе жоғалтқан жағдайда төлем алу құқығынан айырылады. Ұлттық қордан берілетін қаражатқа салық салынбайды.
Есепшоттағы ақша доллармен жинақталады. Ал төленетін кезде сол күнгі курспен теңгеге аударылады.