Тоқаев Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді

2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды
Sputnik
АСТАНА, 17 қазан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер өткізді, деп хабарлады Ақорда.
Қытай елінің басшысы Қазақстан президентін Бейжіңдегі Халық жиналысы үйінде қарсы алды. Тоқаевтың алдында құрмет қарауылы сап түзеді. Одан кейін делегациялар Үлкен шығыс залында келіссөз жүргізді.
Си Цзиньпин Тоқаевты "Бір белдеу, бір жол" халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысуға шақырған. Содан Қазақстан басшысы көрші елге тағы да сапармен барды.

"Қазақстан сіздің осы жаһандық бастамаңызға алғашқы күннен бастап қолдау білдірді және оны ілгерілетуге белсенді атсалысып келеді. Осыдан тура 10 жыл бұрын Астанада сөйлеген сөзіңізде сіздің осы бастама туралы айтқаныңыз есімізде. Орайлы сәтті пайдалана отырып, сізді осы мегажобаны жүзеге асыру барысында керемет нәтижеге қол жеткізуіңізбен құттықтаймын және айтулы шараның табысты өтуіне тілектестік білдіремін", - деді Тоқаев.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының құрылғанына 74 жыл толуымен және Ханчжоуда өткен XIX жазғы Азия ойындарындағы Қытай командасының зор жетістігімен де құттықтады.
"Біз Қытайдың қарқынды дамуын ерекше ықыласпен бақылап отырмыз. Сіздің дана басшылығыңызбен Қытай әлемдік жетекші державаға айналуды көздеген асқақ мұратына жетуге батыл қадам жасап келеді", – деп атап көрсетті президент.
Қазіргі кезде екі жақты сауда-саттық табысты дамып келеді. 21 миллиард доллардың 52 бірлескен жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды.
"Мемлекетаралық қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге шығару үшін Қазақстанның да, Қытайдың да орасан зор әлеуеті бар деп санаймын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, құрметті Төраға Си Цзиньпин, сізді келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырамын" – деді Тоқаев.
ҚХР Төрағасы өз кезегінде шақыруын қабыл алғаны үшін Қазақстан басшысына алғыс айтып, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін атап өтті
"Жоғары деңгейдегі "Бір белдеу, бір жол" халықаралық ынтымақтастығының III форумына қош келдіңіз. Орнықты әрі қарқынды қазақ-қытай қатынастары екі ел арасындағы өзара сенімді нығайтып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау ісінде батыл әрекет етуге септігін тигізеді. Халықаралық жағдайдың қалай құбылатынына қарамастан, Қытай мен Қазақстан өздерінің бастапқы ұстанымдарынан айнымай, бір-біріне жәрдемдеседі. Елдеріміз арасында достық қатынастар орнаған жылдар ішінде біз мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік қалыптастыра алдық", – деді Си Цзиньпин.