АСТАНА, 17 қазан - Sputnik. Қазақстан мен Қытай Аягөз - Тачэн темір жолының құрылысын бастауға ниетті.
Тиісті меморандумға Қазақстан көлік министрлігі мен ҚХР даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитет қол қойды, деп хабарлады ҚР көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Құжатқа Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға ресми сапары барысында қол қойылды. Екі елдің жауапты ведомстволары "Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші трансшекаралық теміржолды ашу мәселесін зерделеудің маңызы зор" деп есептейді.
"Маршруттың қолжетімділігін, оның ашылу шарттарын және қолданыстағы дәліздермен байланысын ескере отырып, екі тарап Аягөз - Тачэн темір жолының жобасын ілгерілетуге басымдық беру керек деп келісті", - делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ екі ел Бақты - Покиту теміржол пунктін ашу және жолдың түйісуі бойынша бірлескен зерттеулер жүргізеді. Стандарттардағы айырмашылықтарды ескере отырып, стандартты және кең жолақты теміржолдарды қосу жоспары әзірленеді.