Президент Бейжіңде 40 жыл бұрын оқытқан профессорымен кездесті

Профессор Лю Шицин зейнеткерлікке шықса да өз университетіне еңбек етіп келеді
Sputnik
АЛМАТЫ, 17 қазан - Sputnik. Қазақстан президенті Бейжіңде 40 жыл бұрын оқытқан ұстазы Лю Шицинмен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

"40 жылдан кейін университетімнің қабырғасында болғаныма мен қуаныштымын. Мен сіздің еңбекқорлығыңызды, төзімділігіңізді және көңіл-күйіңізді ерекше атап өткім келеді. Сіз оқушыларға берген білімге баға жетпейді. Мұның бәрі сіздің кәсібилігіңіздің, еңбекқорлығыңыздың және өз ісіңізге деген сүйіспеншілігіңіздің белгісі", - деді Тоқаев.

Ол профессор Лю Шициннің лайықты демалыста екенін, бірақ университеттің қоғамдық өмірінен тыс қалмайтынын және мәдениетаралық байланыстардың дамуына үлкен үлес қосатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Лю Шицинге алғысын білдіріп, оған зор денсаулық және ұзақ өмір тіледі.
Сондай-ақ Тоқаевқа университетте оқыған кезіндегі мұрағаттық құжаттар көрсетілді.
Президент іс-шара соңында Пекин тіл және мәдениет университетіне Әбу Насыр Әл-Фарабидің портретін сыйға тартып, сонда оқитын қазақстандық студенттермен кездесті.