Қоғам

Қазақстандық құтқарушылар Ауғанстаннан оралды

Олар президенттің тапсырмасымен жер сілкінісінің салдарын жоюға көмектесу үшін кеткен болатын
Sputnik
АСТАНА, 16 қазан – Sputnik. Ауғанстанға барған Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары елге оралды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Гуманитарлық миссияны орындау үшін жалпы 45 адам, оның ішінде ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, кинологиялық есептоптары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен фельдшерлері жіберілген болатын.
"ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдері комитеті төрағасының міндетін атқарушы генерал-майор Ұларбек Әбікеевтің басшылығымен қазақстандық құтқарушылар жасағы қойылған міндеттерді абыроймен орындады", - деп атап өтті ведомстводағылар.
Жер сілкінісі аймағынан оралған құтқарушыларды әуежайда әріптестері, туыстары мен жақындары қарсы алды. Сондай-ақ "Lider.kz" қозғалысының волонтерлері де болды. Олар Чарли, Джейкоб пен Евро атты құтқарушы иттерге медаль дайындады.
Гуманитарлық миссияға қатысқандарды төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Ерлан Нұрпейісов құттықтап, халықаралық құтқару операциялары біздің мамандарға өз кәсіби біліктілігін арттыруға және әртүрлі жағдайларда жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге көмектесетінін атап өтті.
Елге оралар алдында ауған билігі қазақстандықтарға жойқын жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
"Біз Қазақстанның қиын сәтте көрсеткен көмегін ұмытпаймыз",- деген Ауғанстан мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Мохаджер Сахиб.
ТЖМ ақпаратынша, қазақстандық құтқарушылар Ауғанстанда 83 жергілікті тұрғынға медициналық көмек көрсетіп, 211 үй фрагментінің үйіндісін бөлшектеді, Наиброфи елді мекенінде 700 қираған үйдің учаскесін тексерді. Құтқарушылар қайтыс болған бір баланың денесін тауып, алып шықты.
Қатты шаңды дауылдан зардап шеккен 9 шатырлы қалашықтың орналасу орындарын тексерді. Сияхан елді мекенінде толығымен қираған үйлердің астын да тексеріп, Чолк елді мекенінде үйінділерді бөлшектеу жұмыстарын жүргізді.
Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық жүк жіберді