Қазақстанда зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары үшін сенім телефоны іске қосылды

Қалалық нөмірлер мен ұялы байланыс операторлары үшін қоңырау шалу тегін
Sputnik
АЛМАТЫ, 16 қазан – Sputnik. 16 қазаннан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары болған қазақстандықтар "111 - AMANAT" бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына хабарласа алады. Байланс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Қалалық нөмірлер мен ұялы байланыс операторлары үшін қоңырау шалу тегін. Азаматтарға қажетті көмек мәтіндік диалог арқылы да көрсетілетін болады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық, балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселелері бойынша өткен кеңесте премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова атап өткендей, байланыс орталығына үлкен жауапкершілік жүктелген.
"Аталған шаралар азаматтар, әсіресе әйелдер мен балалар үшін қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді. Байланыс орталығы мемлекеттің уақытылы көмек көрсетуінің тиімді құралына айналады, сондай-ақ өңірлер бойынша аса өткір проблемаларға мониторинг жасау үшін деректер көзі болмақ", — деді Тамара Дүйсенова.
Қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға көмек көрсету үшін білікті психологтар мен заңгерлер тартылды. Әрбір жағдай бойынша операторлар "дәл осы сәтте" қағидатын басшылыққа ала отырып, жекелеген мәселе бойынша кешенді көмек көрсететін болады. Барлық қажетті мемлекеттік орган мен қызметті міндетті кері байланыс тәсілін қолдана отырып, бір мезгілде қосу көзделген.
Бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызметтер тізбесіндегі 101, 102, 103 және т.б. нөмірлердің қатарына енгізіледі.