Президент ақын Несіпбек Айтұлының отбасына көңіл айтты

Sputnik
АСТАНА, 16 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы ақын Несіпбек Айтұлының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлының дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.
"Несіпбек Айтұлы ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді өркендетуге сүбелі үлес қосып, руханият саласының алға басуына күш-қайрат жұмсады. Қазақстан тәуелсіздігінің жыршысына айналған ақынның тартымды туындылары оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына мол әдеби-мәдени мұра қалдырған Несіпбек Айтұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", – деп жазылған Тоқаевтың жолдаған жеделхатында.
Еске сала кетейік, бүгін белгілі ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы 73 жасында дүниеден өтті.

Несіпбек Айтұлы туралы не білеміз

Несіпбек Айтұлы 1950 жылы Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат" орденінің иегері. Таңдамалы жеті томдығы "Фолиант" баспасынан жарық көрген эпик ақын.
Еңбек жолын Шұбартау аудандық "Жаңа өмір" газетінде бастады. 1974 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
1974-1984 жылдары – "Балдырған" журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, "Жалын" баспасында редактор,
1984-1994 жылдары – Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші.
1995-1996 жылдары – "Ақын" қауымдастығының директоры.
1997-2001 жылдары – "Қазақ әдебиеті" газетінде сын бөлімінің, "Жұлдыз" журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі.
2001 жылдан бастап Астана қаласына көшіп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, президенттік мәдениет орталығында жұмыс істеген.
Қазақстан Жазушылар одағының секретариат мүшесі, Астана қаласындағы Сейфуллин атындағы мұражай директоры болған.