Бұрынғы сот орындаушылары алимент ақшасын қалай ұрлады – министр заңның шикі тұсын айтты

Алдағы өзгерістерге сәйкес, сот орындаушылары ақшаны жәрдемге мұқтаж адамдардың есепшотына ғана аудара алады
Sputnik
АСТАНА, 16 қазан – Sputnik. Әділет министрі Азамат Есқараев бұрынғы сот орындаушыларының алимент төлеуге арналған қыруар қаржыны қалай ұрлағанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін бас прокуратура қызметтен шеттетілген жеке сот орындаушыларының жарты жыл бойы алимент төлеуге арналған ақшаны ұрлап жүргені туралы ақпарат таратты. Екеуі 87 баланың 5 млн теңгесін жымқырған.
Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, бұл оқиға "біз үшін үлкен жаңалық" болды.
"Бұрынғы заңнама солай құрастырылған екен, яғни, сот орындаушылары ақшаны өзінің қарамағындағы есешотына жинай алады, сондай мәселе бар. Сосын ол шотқа ешқандай тыйым салынбайды. Негізі, олар жиналған ақшаны алимент алатын адамға жіберуі керек. Тәртіп бойынша солай, ал бұл кісілер басқаша істеген...Қазіргі кезде біздің қызметтеріміз осы мәселе бойынша нақты заңды түзету бойынша өзгеріс әзірлеуге кірісті. Мен тиісті тапсырма бердім. Жақын арада соны парламенттің қарауына енгіземіз деп ойлаймын", - деді Есқараев бүгінгі брифингте.
Алдағы өзгерістерге сәйкес, сот орындаушылары ақшаны жәрдемге мұқтаж адамдардың есепшотына ғана аудара алады. Бұрынғы сот орындаушылары да араласа алмайды.
Астанада жеке сот орындаушылары 87 балаға төленуі тиіс алиментті жымқырған