АСТАНА, 15 қазан – Sputnik. Биыл шілде айынан бастап зейнетақы жинақтарының тең жартысын сенімгерлік басқаруға беруге болады. Бүгінде жинақтардың түбіртегін алғанда аударуға болатын ақшаның сомасы да көрсетіледі. Оны бес компанияға жіберіп, үстінен табыс табуға мүмкіндік бар. Sputnik Қазақстан зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру тәртібін ұсынады.
Сенімгерлік басқарумен айналысатын компаниялар
Қазақстанда сенімгерлік басқарумен айналысатын компанияларға ерекше талаптар қойылып отыр. Клиенттердің активтерін басқару тәжірибесінен бөлек соңғы бірнеше жылда қаржы-шаруашылық қызметтің оң нәтижелерін көрсету керек. Ал ең бастысы зейнетақы активтерін инвестициялауға байланысты шығындарды жабу үшін меншікті капиталдың жеткілікті мөлшері болуы шарт.
Осы қызметпен айналысу үшін лицензия беріледі. Бүгінде бес компанияда тиісті рұқсат қағаздары бар. Олар:
· "Jusan invest" АҚ;
· "BCC Invest" АҚ;
· "Сентрас Секьюритиз" АҚ;
· "Halyk Global Markets" АҚ;
· "Halyk Finance"АҚ.
Компаниялардың тізімі қордың ресми сайтында бар.
Ақшаны қалай аударады
Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру туралы өтінішті БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесінде немесе enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы беруге болады.
Жеке кабинет арқылы өтініш жіберу үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Онлайн режимде өтініш беру тәртібі видеода толығымен көрсетілген.
Ақша өтініш түскен күннен бастап 30 күнтізбелік күннің ішінде аударылады. Осы уақыттың ішінде оны кері қайтаруға болады. Сондай-ақ өтініштің қаралу мәртебесін жеке кабинеттен бақылап отыруға мүмкіндік бар.
Зейнетақы жинақтарының жартысын сенімгерлік басқаруға бергенде бірнеше маңызды мәселені ұмытпау керек:
компания өз қызметі үшін инвестициялық кірістің 7,5 проценттен аспайтын мөлшерде комиссия алуға құқылы (оны жылына 1 рет қана өзгертуге болады);
зейнетақы жинақтарын бір компаниядан екіншісіне жылына тек 1 рет қана аударуға рұқсат бар;
сенімгерлік басқаруға аударылған зейнетақы жинақтарын тек екі жыл өткеннен кейін ғана БЗЖҚ-ға қайтаруға болады;
салымшы зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын сенімгерлік басқаруға берілген барлық зейнетақы жинағы қорға қайтарылады.
Компания шығынды өтей ме
Мемлекет инфляция деңгейін ескере отырып, БЗЖҚ-дағы ақшаның сақталуына кепілдік береді. Ал сенімгерлік басқаруға аударылған қаржыға салымшы таңдаған компания жауапты болады. Ол зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз етуге міндетті. Ал зейнетақы активтері бойынша ең төменгі кірістілік пен орташа өлшенген кірістілік көрсеткіштері ай сайын есептеледі және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ресми сайтында жарияланады.
Жыл қорытындысы бойынша компанияның номиналды кірісі пен зейнетақы активтері табыстылығының ең төменгі мәні арасында теріс көрсеткіш болса, басқарушы компания осы айырманы салымшыға өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті. Сол себепті осы саладағы компанияларға өте жоғары талаптар қойылады. Оларда ықтимал тәуекелдерді жабу үшін жеткілікті капитал болуы қажет.
Компаниялар ақшаны қайда салады
Басқарушы компания БЗЖҚ-дан салымшының ақшасын алғаннан кейін оны тек рұқсат етілген қаржы құралдарына ғана сала алады. Арнайы тізім бар. Олар:
мемлекеттік және шетелдік құнды қағаздар;
корпоративті үлескерлік және борышкерлік бағалы қағаздар (сол қағаздарды шығаратын қазақстандық эмитенттер "В+" рейтингісінен, ал шетелдік эмитенттер "ВВ" рейтингісінен төмен болмауы керек);
отандық және шетелдік банктегі салымдар.
Заң бойынша сенімгерлік басқаруға аударылған ақшаға табыс салығы салынбайды.
Сенімгерлік басқаруға ақша аударғандар көп пе
Ресми мәліметке сәйкес, осы жүйе іске қосылғалы бері 1 қазанға дейін сенімгерлік басқаруға аударылған қаржының жалпы сомасы 12,7 млрд теңгені құрады. Әрбір адам орташа есеппен 1,4 млн теңгесін сенімгерлік басқаруға берген. Олардың ішінде 122 қазақстандық компанияны ауыстырған.
Сенімгерлік басқаруға аударылған ақшаның көлемі жағынан Алматы бірінші орында тұр. Одан кейін Астана қаласы, Атырау мен Маңғыстау облыстары келеді. Толық тізімді мына жерден көруге болады.
Ал зейнетақы жинақтарының 50 процентін аударуға рұқсат берілгеннен бері үш айдың ішінде 3,2 мың өтініш түскен. Сенімгерлік басқаруға аударылған қаржының жалпы сомасы 3,8 млрд теңгені құрады.