АСТАНА, 13 қазан – Sputnik. Қырғызстанда ҰҚШҰ-ның "Мызғымас бауырластық-2023" әскери жаттығуларының негізгі кезеңі аяқталды, деп хабарлады осы елдің қорғаныс министрлігі.
Әскери жаттығуларының негізгі кезеңі бүгін "Эдельвейс" оқу орталығының базасында өтті. Оған ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштері де қатысты.
"Оқу жаттығулары кезінде ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштерімен Орталық Азия аймағында бейбітшілікті сақтау бойынша операцияларды жүргізу және оған дайындық мәселелері пысықталды ", - делінген ресми хабарламада.
Әскерилер бірнеше тактикалық эпизодтарды орындап шықты. Олар:
әскери контингентерді белгіленген аймақтарға көлік авиациясымен жеткізу;
автомобильмен және брондалған танктермен колонна құру және марш жасау;
қозғалыс бағдарын барлау;
қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды істен шығару;
заңсыз қарулы топтарды бұғаттау және көзін жою;
маңызды мемлекеттік және әскери нысандарды қорғау бойынша міндеттерді атқару.
Бұдан бөлек, әскерилер бақылау-өткізу пунктерінде қызмет атқару, көлік құралдарын тексеру, босқындарға алғашқы көмек көрсету бойынша практикалық тәжірибе жинады. Гуманитарлық көмек колонналарын алып жүруді үйренді. Сондай-ақ елді мекенді бұғаттап, белгілі бір нысанға шабуыл жасады.
"Мызғымас бауырластық-2023" әскери жаттығуларына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан мен Тәжікстанның бітімгерлік күштері, барлығы 1,5 мың бітімгер мен 200-ден астам сан алуан әскери техника қатысты.