Мемлекеттік кірістер комитеті банкрот болған адамның портретін жасады

Осы уақытқа дейін 5 мыңдай қазақстандық банкрот деп танылды. Олардың ішінде 58 проценті – ер адам, 42 проценті – әйел
Sputnik
АСТАНА, 13 қазан – Sputnik. Мемлекеттік кірістер комитеті статистикалық мәліметтердің негізінде банкрот болған жеке тұлғаның портретін жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап.
Осы уақытқа дейін 5 мыңдай қазақстандық банкрот деп танылды. Барлығы бес жылдан астам уақыт берешегін төлемеген. Олардың ішінде 58 проценті – ер адам, 42 проценті – әйел.
"Банкрот деп танылған тұлғалардың орташа жасы 36-дан 45 жасқа дейін. Олар жалпы банкроттардың 35% құрайды. Ең жасы - 19 жаста, қарты – 76 жаста. Азаматтардың бұл санатының тұрақты жұмысы жоқ, демек өз берешегін өтеуге қаражаты болмаған", - дейді комитет мамандары.
Қазіргі таңда 6,2 мыңға жуық соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға өтініш қабылданды. Соның басым бөлігі – 58 проценті ер адамдардан түскен. Қалған 42 проценті – әйелдер.
Қазіргі кезде комитет қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп қарыз алу талаптарын қатаңдатуды жоспарлап отыр, соның ішінде мерзімі 90 күннен асып кеткен қарызы барларға кредит алуға тыйым салынады.